Алматының шеткі ауданында халықтың қанша пайызы таза ауыз сумен қамтылғаны айтылды

27 Сәуір 2021, 12:46
1483
Бөлісу:
Алматының шеткі ауданында халықтың қанша пайызы таза ауыз сумен қамтылғаны айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай ауданның 1-тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған онлайн брифингте айтты.

Брифинг барысында ол аудан үшін шешімін табуы тиіс ең бірінші кезекте тұрған өзекті мәселе – ол аудан тұрғындарын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету екенін жеткізді.

Таза ауыз сумен қамтылғандар 30 пайыз ғана, қалған 70 пайызы ашық су тоғандары мен жеке ұңғымалардың суын пайдаланып келеді. Иә, жаз айларында су тапшылығы болады, ол кездері біз арнайы техникалармен ауыз суды үздіксіз тасып беріп отырамыз.Тиісті жұмыстар аяқталғанша аталған қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз, - деді аудан әкімі.

Қазір аудандағы Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс ықшам аудандарында122 шақырым су жүйесі және 85 шақырым кәріз құбыры жұмыстары мен Қарғалы өзеніндегі су өңдеу стансасы құрылысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр екен. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, 70 мың аудан халқы таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Ал электро энергиясымен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ. 512 трансформаторлық қондырғының 308-і жеке меншікте болса, осы жылы шағым көп түскен Шұғыла, Ақжар, Таусамалы, Қарағайлы ықшам аудандарындағы123 шақырым желілері бар 54 трансформаторлық қондырғы мемлекет теңгеріміне өтіп, сапалы электр жарығымен қамтамасыз ететін болады, - деді Санжар Тоғай.


Өзгелердің жаңалығы