Алматының қай бөлігінде пәтер жалдау тиімді

13 Тамыз 2022, 14:18
1457
Бөлісу:
Алматының қай бөлігінде пәтер жалдау тиімді

Алматыда пәтерді жалға алу құны шарықтап барады. Жыл басында баспананың 1 шаршы метрі 3500 теңге болса, тамызда 4900 теңгегеден есептеліп отыр. Яғни қазір 1 бөлмелі пәтер бағасы 150 мың теңгеден басталса, 2 бөлмелісі 250 мыңға әрең табылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аlmaty.tv сайтының мәліметінше, 250 мың теңге – бұл қазіргі 2 бөлмелі пәтерді жалға алу құны. Ақшасы қалтаны қақса да, алматылықтар амалсыздан айтқан бағамен келісуге мәжбүр. Қарындасын оқуға алып келген Медет Олжайдың өзі жас маман. Жаңадан екі қолға бір күрек тапқан ол  табысым пәтер ақысынан артылмайды дейді.

Қарағандыда 200 000 теңге кәдімгідей ақша. Үйді де жалға аласың, тамағыңды да, киімді де аласың. Барлығына жетіп жататын әйтеуір, шүкір жеткізетінбіз. Ал Алматы қаласында 1 бөлмелі пәтердің өзі 150 000 теңге. Менің жалақым 200 000 теңге болса, ар жағында 50 мың теңгем қалады. Бұл ақша 1 аптаға жететін азық-түліктің бағасы. Білмеймін қалай өмір сүру керек екенін, – деді қала тұрғыны Медет Олжай.

Бүгінде Алматыда пәтерді жалға алу құны орта есеппен 15 пайызға өскен. Баға тамыз айында күрт шарықтапты. Жыл басымен салыстырғанда пәтер жалдау ақысы шаршы метріне 20 пайызға артқан. Яғни қазір 1 бөлмелі пәтер 7 пайыз, 2 бөлмелі баспана 25 пайыз, ал 3 бөлмелі 14 пайыз қымбаттап отыр. Бұл ескі үйлердегі баспана болса, жаңа тұрғын үйден жалға алу 2 есе қалтаны қағады. Ал экономист мамандар бағаның өсуіне алдымен елде баспананың аздығы, кейін демографиялық ахуал мен мемлекеттік бағдарламалардың көбеюі себеп дейді.

Ел экономикасын көтеру үшін мемлекет тұрғын үй нарығын қолдап отыр. Ол үшін бұл салаға қомақты қаржы бөлінеді. Мәселен қазір адамдар ипотекалық бағдарламалар, зейнетақы жинағын шешу, несие алу арқылы баспанаға қол жеткізе алады. Яғни ақша бар, сұраныс көбейді. Сәйкесінше баға өсті. Ал Алматы – агломерациялық қала. Мегаполиске көшіп келетіндер көп, – деді экономист Арман Бейсембаев.

Бұдан бөлек жаңа оқу жылы қарсаңында студенттердің көбеюі, Ресей, Украина және Беларусь мемлекетінің азаматтары елге қоныс аударуы да жалға алу құнының өсуіне әсер етті дейді жылжымайтын мүлік агенттіктерінің мамандары. Ал баспаналар ішінде әсіресе, 2 бөлмелі пәтерлерге сұраныс артыпты. Сондай-ақ, пәтер бағасының жоғары болуы жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары көш бастап тұр екен.

Қазір 2 адамның 2 бөлмелі пәтерді жалға алуы ыңғайлы. Өйткені олар 200 мың теңгені екіге бөліп төлегенде арзанырақ шығады. Ал 1 адам 1 бөлмелі пәтер үшін айына кемінде 150 мың теңге шығаруы қажет. Жыл басында үйдің бір шаршы метріне баға 3500 теңге болса, қазір ол 20 пайызға қымбаттаған, – деді Жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекші маманы Александр Бикетов.

Айта кету керек, пәтер жалдау ақысы үйлердің орналасқан жеріне де байланысты ерекшеленеді. Мәселен  Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб, Әуезов аудандарындағы 1 бөлмелі пәтерлер 150 мың теңгеге дейін бағаланса, Алмалы, Бостандық, Медеу аудандарында 170 мың теңгеден басталды. Ал қаржылық сарапшылар тұрғын үй нарығы сұранысты қанағаттандырып үлгере алмай жатқанын айтады. Сондықтан алдағы уақытта баға шарықтамаса, төмен түспейтінін алға тартып отыр.

Өзгелердің жаңалығы