Алматының Медеу ауданында жаңа мектептер салынады

12 Желтоқсан 2023, 17:07
677
Бөлісу:
Алматының Медеу ауданында жаңа мектептер салынады
Фото: Арман Мухатов - архив

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауданда мектепте орын тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Тарихи Медеу ауданында орналасқан мектептердің рейтингі жоғары болғандықтан, оқушылар өзге аудандардан келіп оқиды. Сол себепті мектептердің жүктемесі екі-үш есе артқан. Аудан әкімдігі бұл мәселе мектептерді қайта жаңарту және жаңа мектептер салу арқылы шешіледі дейді.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 3,5 мың оқушыға орын жетпейді. Биыл №48 мектеп 250 орындық толықтырумен қайта жаңартылды. Бұл әдісті басқа мектептерге де енгізуді көздеп отырмыз. Жалпы, біз сейсмикалық күшейту арқылы кеңейту және күрделі жөндеу құрылысы бойынша 5 мың жаңа орынға арналған 8 жобаны іске асырып жатырмыз. Екі-үш жылда қосымша орындар ашылса мектептегі орын тапшылығы мәселесі шешіледі деп ойлаймын, – деді аудан әкімі.

Ол Құлжа тас жолының оңтүстігіндегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мың орындық жаңа мектептің құрылысы басталғанын айтты. Сондай-ақ, жеке инвесторлар есебінен «Думан» шағын ауданында 1200 орындық және Халиуллин көшесінде 1500 орындық екі мектеп салу жоспарланған.

Еркебұлан Оразалин «Думан» шағын ауданында 500 адам қабылдайтын жаңа емхана салынатынын айта кетті. Сондай-ақ, «Алатау» шағын ауданында мемлекеттік емхана ғимаратын сейсмикалық күшейтумен қайта жаңарту, №2 қалалық мамандандырылған балалар үйін күрделі жөндеу, №4 жедел жәрдем қосалқы станциясының ғимаратын салу жоспарда бар.

Әкім аудан тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесімен қамту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. «Каменское плато», «Көлсай, «Мұзтау» және «Юбилейный» шағын аудан тұрғындарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін қала әкімінің тапсырмасы бойынша жалпы көлемі 7,3 мың шаршы метрлік жеті резервуар, үш жаңа ұңғыма салу және жалпы көлемі 500 шаршы метр болатын үш қолданыстағы ұңғыманы жаңарту, 9,6 км магистральдық желілерді салу және жаңарту жұмыстары жүргізілген. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, 2023 жылы Медеу ауданында 75 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса арық желілерін салу және жаңарту жобасы аясында ауданда 23,6 шақырымға созылатын 31 көшеде жұмыстар жүргізіліп жатыр.Бұл ағынды суларды айтарлықтай жақсартып, су тасқынын жоюға мүмкіндік береді.

Еркебұлан Оразалин қалалық мобилділік басқармасы тарапынан ұзындығы 22,15 км болатын 26 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталғанын айтты. Ал орталықсыздандыру аясында аудан әкімдігімен 2023 жылы 68 мың шаршы метр жолдарды ағымдағы жөндеу аяқталып, 75 көше жөнделді. Сондай-ақ, ұзындығы 24,5 шақырымды құрайтын 29 көшеде жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру жұмыстары аяқталды. Аудандағы 15 көшенің бойына жақын аумақтарды абаттандырумен қоса 7,3 км жаяу жүргіншілер жолы салынды.

Медеу ауданының әкімі көшелерді жарықтандыру мәселесіне тоқтала кетті.

Қарашада «Алматы Қала Жарық» МКК-мен ұзындығы 649,8 км ауданның 29 920 жарық нүктелеріне қызмет көрсетуге және сыртқы жарықтандыру желілерін жөндеу жөнінде келісімшарт жасалды. Достық, Жамбыл сквері, Республика сарайының алдында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін Достық даңғылы, Керей-Жәнібек хандар көшесін қоса алғанда Медеу-Шымбұлақ жолын толық жарықтандырамыз, – деді Еркебұлан Оразалин.

Алматы қаласының тарихи бөлігі саналатын Медеу ауданында адамдар демалатын орындар, саябақтар көп. Оларды жаңғырту және абаттандыру бойынша да жұмыстар жүргізіледі. «Көк-Төбе» телемұнарасын сәулеттік-көркемдік жарықтандыруды безендіру бойынша жұмыстар жоспарланған.

Қыркүйек айының басында жеке қаражат есебінен «Көк-Төбе» саябағына дейін ұзындығы 1,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда жол салу және асфальттау бойынша негізгі жұмыстар атқарылды.

Сондай-ақ, биыл басталған «Көк базарды» жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы