Алматының емдеу мекемелеріне 1,8 млрд теңге айыппұл салынды

15 Ақпан 2022, 15:58
1631
Бөлісу:
Алматының емдеу мекемелеріне 1,8 млрд теңге айыппұл салынды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Медициналық сақтандыру қоры алматылық медицина ұйымдарының 75 мың қызметті түрлі кемшіліктермен көрсеткенін анықтады. Нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 1,8 млрд теңге айыппұл салынды.  

МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, кемшіліктің басым бөлігіне бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары жол берген. Емханалар көрсеткен қызметтен 60 мың кемшілік анықталып, 194,6 млн теңге қайтарып алынды.  

Сонымен қатар, ақаумен көрсетілген 15 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі.  Олар аталған кемшіліктер үшін 1,6 млрд теңге айыппұл төледі.  

Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар, - деді Тілеухан Әбілдаев.

Естеріңізге сала кетсек, Қор сарапшылары халыққа көрсетілген қызмет сапасын тұрақты бақылап отырады. Көрсетілген қызмет ақысы да жан-жақты тексеруден кейін төленеді.

Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.
 

Өзгелердің жаңалығы