Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков онлайн брифинг барысында Алатау ауданының 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2021 жылдың 6 айында Алатау ауданы бойынша мемлекеттік бюджетке 31 млрд 314 млн теңге түскен. Оның ішінде республикалық бюджетке 15 млрд 792 млн теңге, жергілікті бюджетке 15 млрд 521 млн теңге. Өнеркәсіп өнімін өндіру 156 млрд 83 млн теңгені құраған. Ауданның өнеркәсіптік әлеуеті 6 ірі және орташа компаниялардан тұрады, оның екеуі ірі, 4 орта компания.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 43,9 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері 3482 жаңа жұмыс орыны құрылды, осылайша жылдық жоспарды 91,6%-ға орындадық. «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы аясында аудандағы «Масло-Дел» ЖШС-і 7,8 млрд теңгеге бір жобаға субсидиялау алды. Жобаның мақсаты тазартылмаған және тазартылған май мен тон майын өндіру бойынша қызметті кеңейту, - деді Қалдыбеков.
Сонымен қатар ол 381,8 млн теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмекті аудандағы 1562 отбасы алғанын және «Еңбек» мемлекеттік бағдараламасы аясында 2780 адам жұмысқа орналасқанын жеткізді.