Әлеуметтік желілерде Мәдина есімді әйелдің бейнеролигі тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Мәдинаның айтуынша, перзентханадан шыққанын растайтын құжатты алу үшін Damumed қосымшасын жүктеп алған. Сол кезде өзінің 2019 жылы «есірткіге тәуелді» деген диагнозбен дәрігердің қабылдауына тіркеліп, тіпті әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінгені туралы жазбаны көрген.
Мен бұл қосымшаны ешқашан қолданған емеспін. Тек биыл ғана перзентханадан шыққанын растайтын құжатты алу үшін жүктеп алған едім. Қосымшаны ақтарып отырып, 2019 жылы әлеуметтік қызметкерге жүгініп, есірткіге тәуелді деп жазылғанды байқап қалдым. Бұл дегеніміз сұмдық қой. Мен ешқашан есірткі қолданып көрмеген адаммын. Менің атымды пайдаланып, қызмет көрсетілді, есірткіге тәуелді деп өтірік жазу деген сұмдық қой. Біздің елде адамның құқығы мен деректері қорғалмайтыны алаңдатты. Кінәлі адамдар жазаланып, ендігі бұндай қателіктер орын алмауын талап етемін, - дейді Мадина есімді қала тұрғыны.
Аталған жағдайға байланысты №17 қалалық емхана түсінік берді.
Емхананың пациенттерді қолдау қызметі егжей-тегжейлерді анықтау және одан әрі өзара әрекеттесу үшін өтініш берушіге хабарласты. Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 273-бабына сәйкес "Медицина қызметкерінің құпиялығы" бойынша барлық ақпарат пен талдау нәтижелері өтініш берушіге жеке беріледі, – деді аурухана әкімшілігі.