Алматылықтар қауіпті дәріні еркін сататын дәріханаға шағымданды

4 Шілде 2023, 11:01
4228
Бөлісу:
Алматылықтар қауіпті дәріні еркін сататын дәріханаға шағымданды
PHOTO
Фото: автордан

Тұрғындардың пікірінше, дәріхана маңында нашақорларға ұқсайтын күдікті адамдардың жиналуы жиілеп кеткен. Ғимараттың шатырында, көше бойында түрлі препараттар мен инелердің шашылып жатқаны байқалады. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Тұрғұт Өзал көшесімен қиылысатын Райымбек даңғылының бойындағы дәріхананың маңайын суретке түсіріп, жағдайдың мән-жайын анықтады.


Алматылықтар әлеуметтік желілерге аталған жағдайдың мән-жайын сипаттап, бейнеүндеу жолдаған. Олардың айтуынша, есірткіге тәуелді адамдар дәріханадағы осы дәрі-дәрмекті пайдаланып, кезекті дозаны алу үшін үнемі келеді. 

Дәріханада дәрігердің нұсқауынсынсыз «Тропикамид» көз тамшылары сатылып жатыр. Ал нашақорлар оны көктамырына егіп жүр. Күні кеше осы тамшыларды дәріханадан дәрігердің қағазынсыз бірден сатып алдым. Осы мәселеге байланысты полиция қызметкерелерін шақырдық, учаскелік полиция келді. Ол менен өтінішті қабылдап, сатушыдан түсініктеме алды. Полицейлер екі жыл бойы дәріханадағы бұл бассыздықты тоқтата алмай жатқанын айтады. Бұл маңайда екі мектеп бар. Онда оқитын оқушылардың да сол нашақорларға еріп кетпесіне кім кепіл? Осы жерден жүкті әйелдер, балалар да жиі өтеді. Біз олардың өміріне алаңдаймыз. Тіпті, ересек адамдардың өзі мына көріністерден қорқып әрең өтеді, –дейді Ербол есімді азамат. 

Алматылықтар қауіпті дәріні еркін сататын дәріханаға шағымданды

Аталған жағдайдың мән-жайын анықтап, қалалық полиция департаментіне хабарластық. Ведомство жағдайға бірден жауап беріп, мәлімет берді.

Алматылықтар қауіпті дәріні еркін сататын дәріханаға шағымданды

Алатау ауданының учаскелік инспекторы жедел алдын алу іс-шарасы аясында дәріханалардың бірінде «Тропикамид» дәрілік затын еркін сату фактісін анықтады. Ол тек дәрігердің нұсқаулығы бойынша берілуі тиіс еді. Осы факт бойынша ӘҚБТК-нің 426-бабына сәйкес «фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласының ережелерін бұзу» дерегімен әкімшілік іс жүргізу тіркелді. Басқа жағдайлар анықталып жатыр, –деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі.

Алматылықтар қауіпті дәріні еркін сататын дәріханаға шағымданды

Еске салайық, тропикамид пен цикломед секілді көзге тамызатын дәрілерді де есірткі заты ретінде пайдаланады. Бұл – синтетикалық опиодты анельгетик немесе синтетикалық героин. Дәл осы трамадолдан нашақорлық басталады. Оған тәуелді болған адамды бірден анықтау қиын. 

Себебі нашақор тұмаумен ауырғандай болады. Бір нәрседен уланғандай болып көрінеді. Жасөспірім препаратты пайдаланса, ата-ана байқамай қалуы да мүмкін. Тамшылар тек дәрігердің ұсынысы бойынша тағайындалады, өйткені дозаны бұзу немесе мақсатсыз қолдану қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы