Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?

21 Тамыз 2024, 09:06
4510
Бөлісу:
Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?
Фото: автордан

"Бір балаға 100 мың теңге кетеді?". Дәл осылай деген ата-аналар базардағы қымбат бағаға наразы. Баласынан барын аямайтындар саудагерлердің саудасын қыздырып, табысын арттыруда. Қыркүйек жақындаған сайын ата-аналардың баласын киіндіруге кеткен ақшасын айтып шағымданған бейнежазбалар әлеуметтік желілерде жиі жарияланып жатыр. Бұл мәселеге біз де мән беріп, Алматыдағы үлкенді-кішілі базар мен сауда орталықтарын аралап, бағаны назарға алып, шолу жасадық, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қара базардың саудасы қызып тұр

Ата-аналардың көпшілігі мектеп формаларын арзан бағада табуға тырысады. Бұл кезде қара базардың саудасы қызған. Қала тұрғындарының басым көпшілігі киінетін «Барахолкада» баға былтырға қарағанда 15%-ға өскен. Бұл жаңалық үйінде 4-5 баласы бар отбасыларға оңай тимей тұр.  Жыл сайын дәстүрлі мектеп формасының бағасы әртүрлі. Саудагерлердің сөзінше, сапасына байланысты бағасы да шарықтайды. 

Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?

Мәселен, қыз баланың жеңіл жейдесі 4500 теңгеден басталып, 10000 теңгеге дейінгі аралықта сатылымда. Белдемшенің бағасы 5500–10 000 теңгеге дейін, костюмнің бағасы 17 000 теңгеден басталады. Ескіден келе жатса да, әлі күнге сәннен жоғала қоймаған сарафандар 5500–15000 теңге көлемінде қайта сатылымға шыққан. 7–12 жастағы қыздардың ақ, қара түсті классикалық аяқ киімдері 8000 теңгеден басталып, 18 000 теңгемен тұрақталады. 

13 жастағы қыздарымыздың туфли, бәтеңкелері жеңілдікпен 10000–20 000 теңгені қамтиды. Ер баланы мектепке даярлауда қыздарға қарағанда көп қаржы кете қоймайтынын байқадық. Қалай дейсіз ғой, 1–7-сыныпқа дейінгі балалардың жейдесі 4500 теңгеден басталады. Жасөспірімдердікі 5500–10000 теңге аралығын қамтиды. 

Бір шалбарлы костюмнің бағасы – 22 500 теңге. Екі шалбарлы костюм 30 000 теңгеден басталып 50 000 теңгеге барады. Алайда ер баланың аяқ киімдері қымбатқа шығады. Байқанымыз, базардағы киімдердің көпшілігі көршілес қырғыз елінен әкелінеді. Тіпті, бұрындары самсап тұратын қытай мен түрік елдерінің киімдерін табу қиынға түскен. 

Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?

Ала жаздай балалардың киміне ақша жинадық. Оқу жылы жақындағанда баға арзан болады деген ойымыз болған. Дегенмен баға сол бәз-баяғыша. Жыл он екі ай бір форманы киетін болған соң, сапалысын таңдағымыз келеді. Ұлдардың жарасы жеңіл – кеудешесі мен сымын, жейдесін аламыз. Ал қыздарымыздың алатын заттары көп болып тұр. Аптаның әр күніне жейде мен белдемше, сарафан, бантиктері бар дегендей. Қарап отырсам, бір балаға оқу құралдарын қоса есептегенде 100 мың теңге кетеді екен. Дегенмен 5 балаға 500 мың теңге жұмсай алмағандықтан, бір-бірінің кимін киіп, арзан құралдарды сатып алуға тұра келеді, - деді Анар есімді көп балалы ана.

Мектеп формасы алынған соң, ата-ана жақсы сөмке алып, оның ішін қалам, дәптер, күнделік сынды мектеп жабдықтарымен толтыруды ойлайды. Осы себепті кеңсе тауарларына да бір көз жүгірткен едік. Базардағы ең арзан сөмкелер 4,5 мың теңгеге бағаланған. 

Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?

Жалпы, бастауыштағы балалар үшін орта баға 5,5–6,5 мың арасында қойылса, жасөспірімдер үшін 7,5–8,5 мыңдық сөмкелер таба аласыз. Мұнда 12 беттік дәптер 29 теңге, 36 беттік 350 теңге тұрады. Қалам мен қарындаштарда 20–30 теңгеге өсім бар. Қаламсауыттың бағасы 2 мыңға дейін жетеді.

Отандық өнімдердің жайы қандай?

Сауда орталықтарын аралай жүріп, мектеп формасының бағасына қарай сапаның артқанын байқауға болады. Базардан мүлдем кездестіре алмаған отандық киімдерді осы жерден көруге болады. 

Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?

Елімізге етене танымал шетелдік материалдардан жасалған GLASMAN атты отандық өнімнің бағалары мынадай: кішкентай балаларға арналған пиджак 16 000 мың теңге, шалбар 12 мың, жейде 9000 теңге, қапсырма 8 000 теңгеден басталады. Үлкен сыныптағылардың пиджактары 20 000 теңге, шалбар 15 000 теңге, жейде 10 000 теңге, белдік 5000 теңге құрайды. Ал қыздар қауымының сарафандары 14 000 теңге, белдемше 9000, пиджак 16-20 мың теңге аралығында. Күздік жемпір 10 мың, жакет 16 мың теңгеден басталады. Қыз бала мен ер балалардың аяқ киімдері 20 000 теңгеден басталып, сапасына қарай 40 000 теңгеге дейін жетеді. 

Көпшілігіміз қызығатын түрік елінің киімдері отандық өнімнен баға жағынан да, сапа жағынан да асып түседі. Қалай десеңіз, пиджактың бағасы 20 мың теңгеден басталады, шалбар 18 мың теңгені құрайды. Ақ жейде 15 мың, сарафан 20 мың, күздік жемпір 13 900 теңге. Ұл балаларға арналған итальяндық киімдердің пиджактары – 28 мың, шалбары – 25 мың теңге, күздік жемпірлер – 18 мың, жейделері 20 мың теңгеден басталады. 

Қыз бала мен ұл балаларға аяқ киімдер 30 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін жалғасады. Сіз бен біз менсіне қоймайтын көршілес қытай мемлекетінің сапалы мектеп формаларының бағасы да біршама. 

Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?

Саудагерлердің айтуынша, бұл тауарлардың матасы өте жақсы көрінеді. Бағалары қымбат болса да, отандық киімдерді алып жатқандардың қарасы қалың болды. Тіпті, кезек күтіп тұрғандарды да көрдік.

Мектепке баратын екі балам бар. Кіші қызым алғаш мектеп табалдырығын аттамақ. Сол себептен сапалы, әдемі киімдерді алғымыз келеді. Бала десек барымызды беретін халықпыз ғой. Бір шетінен, отандық өнімлерді қолдауды жөн санадық. Сапасы жақсы деп естіп жатырмыз. Бағасы киімге сай болады деген үміттеміз, - деді ата-ана.

Интернет-дүкендердегі мектеп формасы

Бүгінде елімізде онлайн сауданың қарқынды дамып келе жатқаны белгілі.  Күнделікті күйбең тіршіліктен қолы босамайтын ата-аналар үшін таптырмас алаңға айналған. Ғаламтор арқылы сауда жасайтын дүкендердің көпшілігінде кері қайтару келісімі болғандықтан, нар тәуекел етіп, мектептің керек-жарағын онлайн сатып алатын адамдар да аз емес. 

Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?
Алматылықтар мектеп дайындығына қанша қаражат жұмсайды?

Ондай тұтынушылар үшін тек бүлдіршіндер мен орта жастағы балаларға арналған интернет-дүкендерде ең арзан ақ жейденің бағасы 3299 теңгеден басталады. Орта бағадағы көйлектер – 4499 теңге, ал қымбат дегендері – 6999 теңге. Оның сыртынан киетін қапсырманы 2899 теңге мен 7999 теңге арасында таба аласыз. Жеке шалбардың өзі 7999–11 999 теңге көлемінде бағаланса, толық мектеп формасының құны (пиджак пен шалбар) 29999 теңгеге дейін барады. 

Қыздарға арналған ең қолжетімді белдемше 3699 тг, ал қымбаттауы 7999 теңгеге дейін жетеді. Жігіттерге арналған туфлидің орташа бағасы 8799–11 399 теңге арасында болса, қыздарға арналғаны 8799–13 199 теңгеге табылады.

Өзгелердің жаңалығы