Әлеуметтік желілерде алматылықтар «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығы аумағындағы ағаштардың қурай бастағанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы тұрғындардың бірі әлеуметтік желідегі жариялаған жазбасында айтты.
Біздің Атакент қурап барады. Қалалық саябақтың осындай күйге түскенін көру өте өкінішті. Тиісті шара қабылдап, ағаштардың жойылып кетуіне жол бермеңіздер, – делінген жазбада.
Бұл жағдайға байланысты Бостандық ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Әкімдік мәліметінше, «Атакент» аумағында стационарлық суару жүйесі жоқ. Осыған байланысты жасыл желектерді суару мотопомпалардың көмегімен су жіберу әдісі арқылы жүзеге асырылады.
Жасыл желектерге тиісті күтім жасау мақсатында қазіргі уақытта суару жұмыстары механикаландырылған тәсілмен күшейтілді. Түнгі уақытта саябақ аумағын суару үшін қосымша бес арнайы суару техникасы жұмылдырылды, – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Сондай-ақ жауапты мекемелер жағдайдың бақылауда екенін және суару жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қабылданған шаралар жасыл желектердің жағдайын жақсартуға және ағаштардың қурап қалуына жол бермеуге бағытталған.