Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтар оқиғасы кезінде волонтерлер қиын жағдайда қалған мыңнан астам тұрғынға көмектесті. Бұл туралы «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрайымы Бағдат Анарбаева ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, алматылық еріктілер белсенділіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді және олар бірігіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді.
Мәселен, 2022 жылдың қаңтарында еліміздегі төтенше жағдай режимі кезінде қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға, мекемелер мен кәсіпорындарға көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылды. Барлығы 1000-нан астам алматылық отбасына көмек көрсетілді. Сондай-ақ қайырымдылық шараларының басым бөлігі мұсылмандардың қасиетті Рамазан айында өткізілді. Еріктілер көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға ауызашар беріп, қала көшелерінде құрма мен су таратуға ат салысты, - деді Б.Анарбаева.
Бұл ретте қоғамдық қор төрайымы алматылық еріктілер өз миссиясын бір реттік акция емес, өмір салтына айналдырғанына сенімді.
Біздің қаламызда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кәсіптік бағдар беру және қысқа мерзімді кәсіптерге оқытуға бағытталған «әлеуметтік шеберхана» авторлық жобасы жұмыс істейді. Онда еріктілерге ерекше рөл беріледі. Сонымен қатар, біз «Ulagat» жобасына қатысып, жалғыз басты ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасаймыз, - деді еріктілер көшбасшысы.
Мереке күндері еріктілер үлкен жұмыс атқарды. Бұл түрлі қайырымдылық іс-шаралар мен эко-акциялар.
Брифингтің тағы бір қатысушысы «Қазақстан еріктілері лигасы» ҚҚ төрағасы Нұрсұлтан Бекқайыров еріктілер өздерінің нақты іс-әрекеттерімен қоршаған әлемді, өз елін өзгертетінін атап өтті.
Біз жеті бағыт бойынша жұмыс жасаймыз. Олардың ішінде: BILIM, SABAQTASTYQ, QAMQOR, TAZA ALEM, ҮМІТ, ASYL MURA, AYALA. Республикалық «Игі істер марафоны», «Ардагерлерді ардақтайық», «Шәй ішейік», «Жарқын жұлдыз» акцияларын ұйымдастыруға қатысып келеміз. Биылғы жылдың басынан бері фронт-офистің қолдауымен 80-ге жуық жоба ұйымдастырылып, жүзеге асырылды, - деді Н.Бекқайыров.
Оның айтуынша, қаланың барлық жоғары оқу орындарында «Қазақстан волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының филиалдарын ашу жоспарлануда. Бүгінде бұл ұйымның филиалдары 23 жоғары оқу орнында жұмыс істейді.
Мен еріктілер тек жастар қатарынан болады деген стереотиптердің бірін жоққа шығарамын. Біз «күміс волонтер» тұжырымдамасын әзірлеудеміз. Бұл белсенді азаматтық ұстанымы бар еңбектенуші адамдар, - деді Н.Бекқайыров.
Сөз соңында спикерлер ерікті болу қиын емес, кез келген фронт-офиске хабарласып, оқудан өтіп, команданың бір мүшесі болу жеткілікті екенін айтты. Осындай азаматтардың бастамалары медальдармен, алғыс хаттармен марапатталады.