Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, алматылық тәртіп сақшылары өз-өзіне қол салмақ болған егде жастағы ер адамды құтқарып қалған.
Алматы полицейлері өз өмірін қиғалы тұрған ер адамды дер кезінде тоқтатып, оның өмірін сақтап қалды. Учаскелік инспекторлардың жедел араласуы мен үйлесімді әрекеттері 65 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті.
Ол мас күйінде өмірімен есеп айырысуға бел байлапты. Бірақ одан бұрын ол қоштасқысы келетін туыстары мен таныстарын шақырады. Бірінші болып досы 102 нөміріне қоңырау шалған, - деп атап өтті ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Белгілі болғандай, өмірімен қош айтыспақ болған азаматтың пәтері құлыптаулы болғандықтан полицейлерге жедел әрекет етуге тура келген.
Суицидке бел байланған адамның пәтер есігі құлыптаулы болды, полиция амалсыз бұзып кіруге мәжбүр болды. Олар үйге кіргенде, ол пештің жылыту құбырына тұзақ әзірлеп іліп қойған. Ер адамға алғашқы көмек көрсетіліп, дереу сыртқа шығарылып, жедел жәрдем шақырылды. Осыдан кейін ғана ол орны толмас қателік жібере жаздағанын түсініп, полицейлерге алғыс айтты, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Еске салсақ, бұған дейін «Спутниктік теледидар қызметкерімін» деп 30-дан астам адамның атынан несие алған түркістандықтың ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.