Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында үшінші рет донорлық жүректі пациентке трансплантациялау операциясы жасалды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласының Орталық қалалық ауруханасына түскен 40 жастағы ер адам донор болды, дәрігерлер пациенттің ми өлімін растады.
Жүрек Алматы облысы Талғар қаласының тұрғыны 43 жастағы ер адамға трансплантацияланды. Ол ишемиялық кардиомиопатияға, жүре пайда болған жүрек ақауына, митральды қақпақша қызметінің жеткіліксіздігіне, 26% шығарылу фракциясы төмендеген созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне, 2022 жылы инфарктқа шалдыққан. Науқаста аздаған дене қимылы кезінде ентігу, жүректің дұрыс жұмыс істемеуі, жалпы әлсіздік, бас айналу шағымдары болды.
Трансплантациядан бұрын оған бірнеше рет стент қойылған, кардиовертер-дефибриллятор имплантацияланды. Аурудың қолайсыз болжамын ескере отырып, биыл қаңтарда UMC мамандары LVAD имплантациялауды ұсынған, бірақ науқас бас тартты. Жылдың басында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында емделген кезде клиника мамандары жүрек трансплантациясын күту тізіміне енгізу қажеттілігін түсіндіріп, пациент күту кезегіне тұрды.
5 сағатқа созылған күрделі ота сәтті өтті, пациент реанимациядан бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты, оң динамикасы бар. Күрделі операцияны кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев UMC «Жүрек орталығы» №2 кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Светлана Новиковамен, сондай-ақ институттың анестезиологтары мен кардиохирургтары бірлесіп жасады.