Алматылық дизайнерлер 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды

16 Қаңтар 2020, 20:46
2087
Бөлісу:
Алматылық дизайнерлер 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы кеңсесінде Altyn Oimaq ұлттық дизайнерлер байқауының жеңімпаздарына ақшалай сыйлық табысталды.

Байқаудың қорытындысы бойынша "Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және тұрақты дамыту қоры" ҚҚ директоры Динара Аллаберген жеңімпаздарға сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.

Жиынға байқау комиссиясының мүшелері - Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова және қазақ оюлары туралы кітаптың авторы, кәсіби суретші және дизайнер Ерлан Қожабаев қатысты.

Өткен жылдың наурыз айында "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен "Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және тұрақты дамыту қоры" ҚҚ-ның ұйымдастыруымен алғаш рет Altyn Oimaq Ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық өндірушілерді дамыту, жаңа есімдерді шығару және өндірістік кәсіпорындарды дизайнерлермен біріктіру. Байқауға Қазақстанның 14 өңірі, 36 өндірістік кәсіпорындары және 1500 жеңіл өнеркәсіп өкілдері қатысты, олардың қатарында жаңадан ісін бастаушы дизайнерлер және ірі кәсіпорындардың өкілдері болды. Қатысуға кәсіпорындар мен дизайнерлерден 284 өтінім жіберілген, - делінген хабарламада.
Байқау үш кезең аясында өткен. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша комиссия мүшелері 12 үміткерді анықтаған, онда әр номинация бойынша екі үміткерден анықталды. Екінші кезең қорытындысы бойынша altynoimaq.kz сайтындағы қоғамдық онлайн дауыс беру арқылы ең көп дауыспен алты лауреат анықталған. Ал үшінші кезең барысында алты лауреаттың ішінен комиссия мүшелері бір Гран-при иегерін анықтапты.
Байқаудың қорытындысы бойынша Гран-при алматылық Алина Даниловаға ("Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімнің үздік дизайны" номинациясы) берілді, байқаудың лауреаты болып алматылық дизайнер Эльмира Битөреева ("Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны" номинациясы) марапатталды, - делінген хабарламада.
Алина Данилова байқауда спорттық костюмді ұсынған. Қазір ол Алматыдағы Istart.kz цифрлық кескіндеме студиясының негізін салушылардың бірі және қосалқы оқытушы болып қызмет атқарады.

Ұлттық дизайнерлер байқауы алдағы уақытта да жалғасын тауып, жыл сайын өткізілмек.




Өзгелердің жаңалығы