Алматы әуежайына Swiss әуе компаниясының ұшағы шұғыл қонды. Әуежай өкілдері мән-жайын түсіндірді.
6 мамыр күні сағат 12:48-де Алматы халықаралық әуежайы аумағына Swiss International Air Lines әуе компаниясының Airbus A350 ұшағы шұғыл қонды. Ұшақ Сеул – Цюрих бағыты бойынша рейс орындап жатқан.
Шұғыл қонуға екінші ұшқыштың денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған, - деп хабарлады Алматы әуежайының баспасөз қызметі.
Алдын ала мәлімет бойынша, жедел абдоминалдық синдром болған.
Ұшақ жерге қонған сәтте әуежайдың медициналық қызметі дайын тұрған. Мамандар алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін науқасты қаладағы жедел жәрдем бригадасына тапсырған.
Одан кейін ұшқыш қажетті тексеруден өтіп, әрі қарай ем қабылдау үшін №4 қалалық ауруханаға жеткізілді.
Еске салайық, бұған дейін SWISS ұшағы Балқаш үстінде дабыл қағып, Алматыға
шұғыл қонғанын хабарлаған едік.