Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілі Гүлжайнат Тілеген Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалада коронавируске қарсы вакцина жеткілікті мөлшерде екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қалада «Синофарм» VeroCell вакциналары 52 658 мың, Qaz Vaс - шамамен 2 мың және Pfizer (Comirnaty) шамамен екі мың дозасы бар.
Қыркүйек пен қазан айларында Алматыға Qaz Vac - 28 200 дозада және Pfizer - 26 910 дозада түседі деп күтілуде. Соңғы препарат әсіресе жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған,-деді ол.
Сондай-ақ ол үшінші вакцина, яғни ревакцинация не үшін қажет екенін еске салды.
Вакцина алған адам өзін қауіп-қатерден қорғайды және ауруларды жеңіл түрде қабылдайды. Зерттеулер коронавирустық инфекциядан қорғаныс вакциналардың алғашқы дозаларын алғаннан кейін, әсіресе әртүрлі штамдардың басым болуына байланысты уақыт өте келе төмендей бастайтынын дәлелдеген. Біз бірнеше толқындарды, жаңа штаммдарды бастан өткердік. Көріп отырғанымыздай, вирус әрбір толқында әлсіреп, мутацияға ұшырайды. Екпе алған адамдар анағұрлым ауруға төзімді, иммунитеттің әлсіреуі екпеден алған соң 6-12 айдан кейін басталады. Вакцинадан кейінгі иммундық реакцияны күшейту үшін ревакцинация қажет, - деді Гүлжайнат Тілеген.
Бүгінде қала бойынша коронавирусқа қарсы препараттың бірінші компонентімен 1 241 540 адам, екінші компонентімен 1 207 511 қала тұрғыны егілген. Pfizer вакцинасымен 119 065 адам егілді, оның ішінде 4 684 жүкті әйел, 15 896 бала емізетін және 55 045 жасөспірім. 2021 жылғы 22 қарашада басталған ревакцинациядан кейін 606 513 адам қайта екпе алды.