Алматы облысының ауруханаларына өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілді

28 Тамыз 2020, 14:50
1370
Бөлісу:
Алматы облысының ауруханаларына өкпені жасанды желдету аппараттары жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өкпені жасанды желдетудің 15 аппараты бар Covid-19-бен күреске бағытталған гуманитарлық көмек Алматы облысы Жамбыл ауданының медициналық мекемелеріне жеткізілді. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметінің хабарлауынща, аппараттар барлық халықаралық стандартқа, сапа және қауіпсіздік талаптарына сай.

Коронавирустық пандемия – барлық ел үшін күрделі жаһандық сынақ. Оны жеңу үшін мемлекеттердің, азаматтық қоғамның барлық институтының күш-жігері мен өзара іс-қимылы қажет. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры вируспен күресте көмек көрсетуден тыс қалмақ емес. Елбасының тапсырмасы бойынша елде карантиндік шаралар қабылданған алғашқы күннен Қор дәрігерлерге үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Олар қажетті медициналық-санитарлық құралдармен, оның ішінде вирустан қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қор вируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, маскалар мен дезинфекциялық құралдар сатып алуға 200 миллион теңге бөлді. Сонымен қатар, Қор Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 50 мыңнан астам маска жіберді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Оңтүстік Кореяның SIGONGTECH компаниясымен бірлесіп ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне вирусты анықтайтын 2000 дана ПТР-тест, 2500 дана R-Guard3000 қорғаныс костюмі және талдау жүргізуге арналған биоматериал жинау контейнерінің 20 000 данасын тапсырды.

Әлкей Марғұланұлы атап өткендей, Қор вируспен күрес шарасында көмек көрсетуді одан әрі жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы