Алматыдан бөлімшесін ашқысы келетін Ресей компаниялары көбейді

3 Мамыр 2022, 13:00
1518
Бөлісу:
Алматыдан бөлімшесін ашқысы келетін Ресей компаниялары көбейді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин ӨКҚ алаңында өткен брифингте Алматыдан бөлімшесін ашқысы келетін ресейлік компаниялар қатары көбейгенін айтты.

Қазір белгілі деңгейде келіссөздер жүріп жатыр. Әзірге қандай компания екенін айта алмаймын. Бұл үрдіс қазір орталықтандырылған. Алматыға көшкісі келетін барлық инвесторлар үшін «Атамекен» палатасы арқылы арнайы сервистік терезе ашылған. Мәселен, қызмет көрсететін компаниялар сол жақта тіркеуде тұрып, мына жақта жұмыс істей алады. Уақыты келгенде толығырақ ақпарат беріледі, – деді ол.

Сонымен қатар ол бұған дейін InDriver сияқты жеке компаниялар Алматыдан жұмысқа адамдар іздеп жатқанын және осында көшіп келгені расталғанын айтты.

Одан бөлек алматылық кәсіпкерлерге көлеңкеден шығуға көмектесіп, белсенді экономикалық қызметке тарту үшін бұрынғы базарлар заманауи өркениетті форматқа көшіріліп жатқанын жеткізді.

Қалада 20 мыңнан астам кәсіпкер бизнес жүргізіп отырған 52 базар бар. Осы уақытқа дейін 28 базар жаңартылды. 25 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, жұмыс орындарының саны 3,4 мыңға артты. Бүгінде 16 қалалық базар жаңғыртылуда, олардың төртеуінің жұмысы осы жылдың соңына дейін аяқталады. Олар: «Байсат», «Қазына», «Кенжехан» және «Барыс-4»,-деді ол.

Өзгелердің жаңалығы