Алматыдағы жер сілкінісі Астанадағы баспана бағасына әсер ете ме?

30 Қаңтар 2024, 15:56
2303
Бөлісу:
Алматыдағы жер сілкінісі Астанадағы баспана бағасына әсер ете ме?

Алматыдағы жер сілкісінен соң қала тұрғындары жер үйге көшіп жатыр. Бұл үрдіс Астанадағы баспана бағасына әсер ете ме? BAQ.KZ тілшісі сарапшыладың пікірін біліп көрді.

Бұл уақытша құбылыс па?

Қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түні Алматы мен облыста жалға берілетін үйге сұраныс күрт артқан. Бірақ бұл бағаға әсер етпеген. 24 қаңтардағы мәлімет бойынша нарықта басқа өзгеріс жоқ. Пәтер сататындардың саны артпады, халықтың жаппай Астанаға ағылып жатқаны да байқалмайды.

Бұл ұзаққа созылмайтын құбылыс. Ұзақ уақытқа үй жалға алатындар аса көп емес, дегенмен сұраныс екі есе артқан. Алматыда жалға берілетін үй, саяжайға сұраныс төрт есе артты. Нарықта ажиотаж байқалмады, еш категорияда баға құбылмады. Жұрт жеке секторға неге қызыққаны түсінікті, жер сілкінгенде үрейі ұшқан біраз адам жалған ақпаратқа сеніп, одан қатты апат бола ма деп қорықты. Кей тұрғын афтершок өткенше күте тұруды жөн көрген болар. Жалға берілетін үй, саяжай құны өскен жоқ. Орташа баға да өзгермеді, – делінген Krisha.kz зерттеуінде.

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, Астанадағы пәтер бағасына әсер етеді деу айтуға толық негіз бар.

Алматыда жер сілікініп, дүрбелең болғаннан кейін үйлердің бағасы түсіп жатыр. Әсіресе, ең жоғары қабаттағы пәтерлердің бағасы түсуде. Қазіргі таңда көп азаматтар жер үйге ауысып жатыр, сондықтан ол жердегі баға қымбаттауы мүмкін. Кейбір сарапшылар мен тұрғындар "Астанаға көшу керек" деген ойлар айтып жатыр. Сол себепті белгілі бір дәрежеде Астанадағы үйлердің бағасына ықпал етеді деуге негіз бар, - деді Мақсат Халық.

Тағы бір сарапшы Сапарбай Жобавтың айтуынша, елімізде тұрғын үйге деген сұраныс көп, оның үстіне тұғын үйлер тапшы. Бұл факторларды ескерсек, кемінде жанама әсер етеді дейді.

Жер сілікінісіне байланысты Алматыда басталған дүрбелең уақытша нәрсе. Ол басқа қалалардағы тұрғын үй бағасының өсуіне тікелей әсер етпейді, бірақ жанама әсер етуі мүмкін. Егер соңғы екі жылдағы көрсеткішті қарасақ, айтарлықтай өсім жоқ. Әр қалада жылына 2-3 пайыздан өсіп жатыр. Әрине, үлкен қалаларда сәл көптеу өскен, - дейді Сапарбай Жобаев.

Өзгелердің жаңалығы