Алматыда 2025 жылға дейін жастар комьюнити орталықтарының саны 16-ға дейін жетеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азиз Кажденбек мәлімдеді.
Алматы – жастар қаласы, мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 695,6 мың жас тұрады. 1999 жылдан бастап бүкіл әлемде 12 тамызда Халықаралық жастар күні атап өтіледі. Бұл - жастарға, олардың жетістіктері мен әлеуетіне арналған ерекше күн. Біз қарқынды өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жастар батылдық пен шығармашылықтың үлгісін көрсете отырып, осы процестердің алдыңғы қатарында. Біздің міндетіміз – сапалы білім алуға, денсаулық сақтауға және жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, олардың дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, - деді Азиз Кажденбек.
Өткен жылы 8 жастар комьюнити орталығы іске қосылған. Орталықтардың саны 2025 жылға дейін 16-ға дейін артады. Жалпы, 2024 жылдың басынан бері 750-ден астам іс-шара өткізіліп, оған жалпы саны 53 мыңнан астам жас қатысты.