Тұрғындардың пікірінше, құрылыс кезінде қателіктер орын алған. Бұл түйіткілді шешу мақсатында қалалық мәслихат депутаттары тұрғындармен кездесіп, мониторинг жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде «Северный» тұрғын үй кешенінде жалпы саны 460 пәтер қоныс тепкен. Солтүстік айналым жолына тікелей шығатын жол салып беру туралы өтініш көптен бері көтерілген. Бұл жөнінде кездесуге келгендер де айтты.
Аулаға кіріп-шығу қиындап кетті. Үлкендерге оңай болғнымен, кішкентайларымызды алаңдаймыз. Бізге Рафикова көшесі және Солтүстік айналым жақтан кіретін жол болатындығын айтты. Кейіннен Солтүстік айналымнан жолдың ашылмайтындығын, ол маң жеке секторға тиесілі екендігін хабарлады. Жол тым тар. Үйді салар уақытта, неге барлығын ойластырмаған. Бұнда қиналып отырған халық. Осы айтылған мәселе тезірек шешімін тапса екен, – дейді Серік Жанболат есімді қала тұрғыны.
Тұрғындардың өтініші бойынша қалалық мәслихат депутаттары мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге мониторинг жүргізді. Жолды қалай салу керектігі жайлы бірқатар талқылаулар өтті.
Алматы қаласы Жол басқармасының, тұрғын үйді салған құрылыс компаниясының өкілдерін шақырдық. Сол кісілермен бірлесіп жол салуды ойластырдық. Қолдан келген істің бәрін жасауға тырысамыз. Жер басқармасына тұрғындар хат жазады. Жер басқармасы мәслихат қарауына кіргізеді. Мәслихат қолдаса, қажетті жер жекеден сатып алынады. Содан кейін Жол басқармасы жолды салады. Екінші жолы – «Шебер» компаниясымен келісіп, тұрғындардың өтініші бойынша жолды адамгершілікпен созу. Ал мұны заңдастыру ұзақ үдеріске түседі, – деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Нұрымбек Тау.