Алматыда тағы бір орталық КВИ науқастарды қайта қабылдап жатыр

10 Тамыз 2021, 14:21
6318
Бөлісу:
Алматыда тағы бір орталық КВИ науқастарды қайта қабылдап жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеев онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, коронавирусты жұқтырған адамдар саны күннен-күнге өсіп келеді. 15 шілдеден бастап Психикалық сауықтыру орталығында қайтадан 350 инфекциялық төсек орны ашылған. Осыған дейін 864 науқас келіп түссе, оның 435-і жазылып шығыпты. Қалғандары ем қабылдап жатыр. 

Түсіп жатқан науқастар арасында осы уақытқа дейін қатерлі індеттің барына сенбей, оның бәрі жалған деп келген адамдар болды. Тұрғындар арасында фейкке және әлеуметтік желіде жазылған дәлелсіз жазбаларға сенетіндер көп, бұл өте өкінішті. Қазір ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакцина салу жүріп жатыр, ал көпшілік желідегі жалған жазбаларға сеніп, вакцинадан бас тартып отыр. Дегенмен бізде емделіп жатқандардың ойы өзгеріп, жазылып шыққан соң міндетті түрде вакцина салдырамын деп отыр. Яғни індетке қарсы тұра алатын вакцина екеніне көздері жетіп отыр, - дейді Рахменшеев. 

Қазір реанимация бөлімінде 12 науқас жатыр, олардың барлығы вакцина алмаған. Орталық директоры желідегі фейктерге сене бермей, ресми ақпарат көздеріне жүгінген дұрыс дейді. 

Көпшілік вакцинадан кейін ауырғандарын айтып жатады. Ол адамдардың вакцина алмас бұрын оның әсері жайлы көп ізденгендіктен. Яғни вакцина алып келген соң дене қызуым қашан көтеріледі, басым қашан ауырады деп күтіп отырады. Ол дұрыс емес, вакцина алардан бұрын ондай жаман ойдан ада болу керек, сонда ол еш әсерсіз өтеді. Қазір бұл індетті жеңетін әдіс вакцина салу болып отыр, сондықтан тұрғындарды вакцина алуға шақырамын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы