Түркияның Алматыдағы Бас консулдығы Шүкір Гүнайды марапаттады, оның батылдығы бауырлас халықтардың достығын әйгіледі деп бағалады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Марапаттаудан бұрын Бас консул «Ақкент» ықшам ауданындағы өрттен қаза болған және зардап шеккендердің қайғысына ортақ екенін жеткізді.
Естеріңізде болса Шүкір Гүнай есімді түрік азаматы «Ақкент» шағын ауданында болған өртте басын қатерге тіге отырып үш бала мен анасын құтқарып қалған еді.
Өзінің басына төнген қатерге қарамастан адам өмірін сақтап қалу шынында ерлік. Түрік пен қазақ бауырластығының бір көрінісі. Пандемия кезінде және Түркиядағы жер сілкінісі апатында да Қазақстан мен Түркиядағы азаматтар бір-біріне шынайы қолдау көрсетті. Біз тарихымызбен ғана емес, шынайы өмірде де бауырлас екенімізді осындай қиыншылықтарда көрсеткен қолдауларымыз арқылы дәлелдеп келеміз, – деді бас консул Али Рыза Акынжы.
38 жастағы Шүкір Гүндай 2009 жылдан бері Алматыға келіп-кетіп жұмыс істеп жүргенін айтты. Әрі тілшілерге қазақ тілінде жауап берді.
Инстраграмда, барлық жерде айтып жатқанын ертесінде білдім. Бірақ мен ол үшін жасамадым, өзімнің де бір қызым бар. Мен мұндай марапат пен мақтау болады деп күтпедім. Әрі, солай болса екен деп істеген жоқпын. Біз өрт болған жерге жақын маңда құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқанбыз. Ондағы азаматтармен бірге көмекке бардық. Өзіміз құрылыс саласында істеген соң, қай кран қанша биіктікке жететінін білеміз. Ондағы кран жоғары қабатқа жетпейтін болған соң үстіне саты жалғап шықтық. Қауіпті болатыны ол кезде ойға да келмеді. Арғы бір үйде балалар бар екенін естіп, қарап тұра алмадым, – дейді Шүкір.
Оған берілген марапат хатында: « Құрметті Шүкрү Гүнай, 2023 жылдың 1 тамызында Алматы қаласы Ақкент шағын ауданында болған өрт апаты кезінде басыңызды бәйгеге тігіп кейбір қазақ бауырларымыздың өмірін сақтап қалғаныңыз үшін және түрік-қазақ бауырластығына қосқан үлесіңіз үшін алғысымыз бен ризашылығымызды білдіреміз» делінген.