Бұл туралы Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев мәлімдеді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Таңғы сағат 5:33-те Төтенше жағдайлар департаментіне Ади Шәріпов 86 мекенжайы бойынша өрт болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Өрт орнына жеке құрамнан 46 адам және 13 бірлік техника жіберілді. 7 минутта өрт орнына келді. Бірінші қабат түтінге толған. 59 адам өздері жеке эвакуацияланды. Біздің өрт сөндірушілер жертөлеге түскенде 13 адамның мәйітін анықтады, - дейді Алматы ТЖД басшысы.
![Алматыдағы өрт. Хостелде шетел азаматтары да болған](/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202023-11-30%20at%2010_22_38.jpeg)
Оның айтуынша, жатақханада Өзбекстан, Пәкістан азаматтары болған.
Мекеме администраторының сөзінше, хостелде шетелдіктер - Өзбекстан, Пәкістан азаматтары және жерлестеріміз тұрған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Лабораториялық зерттеулерсіз біз алдын ала ештеңе айта алмаймыз. 13-27 қараша арасында Республика бойынша “Жатақхана” акциясы өткен. Алматыда 30-ға жуық жатақхана есепке алынған. Сол бойынша профилактикалық жұмыстар өткіздік. Өрт қауіпсіздігіне байланысты 350-ге жуық заңбұзушылық анықталды. Администратордың сөзінше, бұл хостелдің іске қосылғанына не бәрі 1,5 ай болған,- дейді Нұрлан Атығаев.
![Алматыдағы өрт. Хостелде шетел азаматтары да болған](/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202023-11-30%20at%2010_22_39.jpeg)
Айта кетейік, бүгін Алматыда жатақхана ретінде жабдықталған жертөледен өрт шығып, 13 адам көз жұмды.