Алматыдағы өрт кезінде жатақханадағы адамдар құжаттарын алып үлгермеген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Мені қасымдағылар оятты. Мен оянғанда, жағдай күрделі болды. Өзіммен бірге ешқандай құжат, тіпті ұялы телефонымды да ала алмадым. Қасымдағы бала қаза тапты. Біз оны оята алмадық. Оның уланғанын білгендіктен, өзіміз сыртқа шығуға тура келді. Әр бөлмеде 5-6 баладан тұрдық. Астыңғы қабаттан өрт шыққан, үстіңгі қабаттағылардың бөлмелері түтінге толды, - дейді Арсен Асылбеков.
Куәгердің айтуынша, ол бірнеше күнге Алматыға демалуға келген. Осы аралықта киім-кешегінен айырылатынын ойламаған.
Мен Қостанай қаласынан келдім. Бұл жерге қонаққа келгенмін. Мен 20 қарашада осы жатақханаға тұрақтадым. 30 желтоқсанда кері қайтуым керек еді. Қазір өзіммен бірге ұялы телефоным да жоқ. Құжаттарым да сонда еді. Өзімнің жеке басымның аман қалғанына қуандым. Енді Қостанайға қалай қайтарымды білмей тұрмын, - дейді Арсен Асылбеков.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін таңертең Алматыда орналасқан хостелдердің бірінен өрт шығып, 13 адамды ажал құшты. Белгілі болғандай хостелдің іске қосылғанына не бәрі 1,5 ай болған. Онда шетел азаматтары тұрған.
Сонымен қатар өрттің шығу себептерін тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет белгілі болған еді.
Сондай-ақ, өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген болатын.