Алматыдағы медициналық мекемелерге 889 млн теңге айыппұл салынды

15 Шілде 2021, 15:47
2367
Бөлісу:
Алматыдағы медициналық мекемелерге 889 млн теңге айыппұл салынды

Алматы, BAQ.KZ. Жыл басынан бері Алматы тұрғындарына көрсетілген медициналық көмек сапасын бақылау барысында 10 мыңнан астам қызметтің түрлі кемшіліктермен көрсетілгені анықталды. Нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 889 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы хабарлады.

Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімінің жетекшісі Әсем Манапбаеваның айтуынша, кемшіліктің басым бөлігіне консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін клиникалар тарапынан жол берілген. Жалпы, консультативтік-диагностикалық көмек бойынша 8 мың қызмет түрлі кемшілікпен көрсетілген. Нәтижесінде 12,2 млн теңге қайтарып алынды.

Ақаумен көрсетілген 4,6 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Кемшіліктер үшін аталған клиникалар 870,1 млн теңге айыппұл төледі. Ал кемшіліктерге жол берген емханалар Қорға 7,5 млн теңге қайтарды.

Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар, – дейді Әсем Манапбаева.

МСҚ көрсетілген қызмет сапасына тұрақты бақылау жүргізіп отырады. Бүгінде дәрігер көмегіне жүгінбеген адамды «қабылдауда болды» деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Биылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында филиал мамандары азаматтардан түскен арыз-шағымдар нәтижесінде осындай 71 фактіні анықтап, медицина ұйымдарына 1,6 млн теңге айыппұл салды.

Сонымен қатар стационарлар мен күндізгі стационар деңгейінде «көрсетілді» деп тіркелген 25 факті бойынша тиісті қызметтің көрсетілмегені белгілі болды. Нәтижесінде 13,4 млн теңге Қорға қайтарылды. Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.



Өзгелердің жаңалығы