Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыдағы көпқабатты пәтерлерді қандала басып алды

Нұрқанат Атажан
27 Маусым 2025, 12:15
1389
Бөлісу:
 celes.club
Фото: celes.club

Алматыда зиянкестер пәтерлерге дейін кіріп кеткен. Олар үшін масаға қарсы торлар да кедергі емес. Қандалалар тек төсекке, киімнің ішіне, тамаққа кіріп қана қоймай, жағымсыз иіс те шығарады, деп деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Түрксіб ауданының тұрғындары өз пәтерлеріне кіруден қорқатын халге жетті. Себебі – ағаш қандалаларының қаптауы. Қабырғаларда, терезелерде, аулаларда, барлық жерде жәндіктер өріп жүр. Олар тіпті пәтер ішіне де еніп кеткен. Тұрғындар маса торларының көмектеспейтінін айтып шағымдануда. Терезелерді мүлдем ашуды қойған. Бірақ бұл да көмектеспей отыр. Зиянкестерге қарсы қолданылатын дәрілер де әсер етпеген. Пәтерді тазалағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң-ақ қандалалар қайта пайда болады.

Қазір өте көп болып кетті. Ұйықтауға да мүмкіндік жоқ. Түнде пәтерге кіріп кетеді. Тамақ дайындап жатқанда, соған түсіп кетеді. Ұйықтап жатқанда – төсекке, тіпті құлаққа да кіріп кетуі мүмкін, – дейді Марина Аксиненко.

Зиянкестер салдарынан Наталья Пудовкина күйеуімен бірге туыстарына көшіп кеткен. Айтуынша, пәтерінде тұру мүмкін болмай қалған. Себебі, үйдің жанындағы қалың өскен ағаш-бұта. Қандалалар сол жерде тіршілік етеді екен. Тұрғындар тіпті ескі жасыл желекті кесіп тастауды сұраған.

Мен бірнеше рет ағаштарды кесу туралы әкімдікке жүгіндім. Бізде ағаштар өте ескі. Сол ескі қабықтың ішінде жәндіктер көп. Бірде әкімдік өкілімен бірге келдік, көрсеттім. Бірақ ол кезде КСК (кондоминиум басқармасы) жұмыс істейтін. Олар үшін бұл мәселе КСК құзырында. КСК-ға барсам, олар: "Әкімдік рұқсат бермесе, біз ештеңе істей алмаймыз" дейді, – деп шағымданды әйел.

Шенеуніктер дезинфекцияның тұрақты түрде жүргізілетінін растайды. Биыл ол сәуірде басталған, қыркүйек ортасына дейін жалғасады. Қолданылатын басқа тәсілдер әзірге жоқ.

Өңдеу күнделікті жүргізіледі. Алматы қаласының барлық аудандарын қамтиды. Бұл зиянкестер адам денсаулығына да, ағаштарға да зиян емес. Сондықтан ағаштарды кесуге негіз жоқ, – дейді Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасының жетекші маманы Дәулет Бақытжанов.

Ал ботаниктер дезинфекция жеткіліксіз дейді. Алматының климаты бұл жәндіктердің көбеюіне өте қолайлы. Ағаш қандаласының бір аналығы 200-ге дейін жұмыртқа сала алады. Мамандардың айтуынша, олардан толық құтылу мүмкін емес. Бірақ олардың санын азайтуға кешенді шаралар көмектеседі.

Егер бір аула өңделіп, ал көрші аула өңделмесе, бұл бекер. Өйткені олардың қанаттары бар, ұшады. Бір жерден екіншісіне көшіп кете алады. Құрғақ бұтақтарды санитарлық кесу, ескі қабықты алып тастау, жараларды бояумен жабу керек. Агробиологиялық шараларды бірге қолдану қажет. Құстарды тарту да маңызды, – дейді Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкері Мадина Измайлова.

Алматыда бұған ұқсас қандалалар қаптауы соңғы рет шамамен алты жыл бұрын болған. Қала тұрғындарына сабыр сақтап, экология басқармасына қосымша дезинфекция жасау үшін өтініш беруге кеңес беріледі.

Өзгелердің жаңалығы