Алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі – Family Park-тің тағдыры қыл үстінде тұр. Саябақ басшылығы аумақтың болашағына алаңдаушылық білдіріп, тұрғындарға үндеу жасады. Ал бұл жағдайға қатысты Алматы әкімдігі де ресми жауап беріп, өз ұстанымын мәлімдеді. BAQ.KZ парк басшылығының мәлімдемесі мен әкімдіктің жауабын саралап көрді.
Саябақты алып қою жоспарланып отыр. Көптеген тұрғын үшін бұл жер балалық шақпен, отбасылық серуенмен, демалыс пен мерекемен байланысты. Ұзақ жылдар бойы Family Park алматылықтардың ең танымал демалыс орындарының бірі болып келеді, – делінген саябақтың мәлімдемесінде.
Алайда Family Park басшылығы өздеріне аталған өтініштер мен шағымдардың көрсетілмегенін мәлімдеді.
Әкімшілікке отырысқа қатысушылар сілтеме жасаған өтініштер мен шағымдар ұсынылған жоқ. Сондықтан олардың мазмұнымен танысып, тиісті түсініктеме беру мүмкіндігінен айырылдық, – делінген хабарламада.
Саябақ әкімшілігінің мәліметінше, комиссия отырысында Family Park орналасқан жер учаскесін пайдалану заңдылығы қаралған. Бірақ саябақ өкілдері талқылауға шақырылмаған.
Отырысқа дейін саябақ әкімшілігінің атына қандай да бір ресми талаптар немесе ескертулер түскен жоқ. Кейіннен ғана жалдау шартын бұзу туралы хабарлама алдық, – дейді әкімшілік.
"Бірқатар сұрақ жауапсыз қалды"
Family Park басшылығы 27 жыл бойы қолданыста болған жалдау шартын не себепті дәл қазір бұзу туралы шешім қабылданғанына түсінбейтінін айтты.
Осы уақытқа дейін жалдау шартының заңдылығына ешкім күмән келтірген жоқ. Ендеше оны неге дәл қазір бұзу туралы мәселе көтерілді? – деп сұрақ қойды саябақ әкімшілігі.
Сондай-ақ басшылық өздеріне саябақтың жағдайы нашар екені туралы ешқандай ресми ескерту немесе анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілмегенін атап өтті.
Бұдан бөлек, саябақ әкімшілігі "көптеген шағым" туралы айтылғанымен, олардың ешқайсысы өздеріне көрсетілмегенін айтып, "Егер бұл шағымдар бізге ұсынылғанда, тиісті шара қабылдауға мүмкіндік болар еді" деп мәлімдеді.
Саябақ басшылығы жерді алып қою мәселесінің неге өздерінің қатысуынсыз қаралғанын да түсіндіруді сұрады.
Сонымен қатар әкімшілік "Неліктен жалдау шартын бұзу туралы хабарлама мен сотқа талап арыз бір күнде берілді? Неге сотқа дейінгі реттеу рәсімі жүргізілмеді? Әртүрлі мемлекеттік органдардың жоспардан тыс тексерулері қандай мақсатта басталды?" деген сұрақтарға жауап күтетінін жеткізді.
Әкімдік саябақ жері не үшін алынатынын түсіндірді
Біз бұл жағдайға қатысты Алматы әкімдігінен пікір білдіруін сұрадық. Ведомство Family Park аумағында тұрғын үй кешені немесе өзге де нысандар салу жоспарланбағанын атап өтті.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таралған Family Park аумағына тұрғын үй кешені немесе өзге де құрылыс нысандары салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Алматы қаласының қолданыстағы Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Family Park аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік, яғни саябақ аймағы ретінде белгіленген. Оның нысаналы әрі функционалдық мақсатын өзгерту көзделмеген, - делінген жауапта.
Әкімдік Family Park алматылықтар мен қала қонақтарының демалысына арналған саябақ ретіндегі мәртебесін сақтайтынын айтты. Қазіргі таңда тек аумақты тікелей мемлекеттік басқаруға қайтарып, оны кешенді түрде қайта жаңғырту, көріктендіру және жаңғырту мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.
Бүгінде саябақтың инженерлік және демалыс инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді қалалық орта қалыптастыру, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толыққанды кедергісіз орта жасау қажет. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – Family Park-ті қоғамдық демалыс кеңістігі ретінде сақтап қана қоймай, оны сапалы жаңғырту. Соның нәтижесінде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған қауіпсіз, қолжетімді және жайлы заманауи саябақ қалыптастыру көзделіп отыр, - дейді әкімдіктегілер.
Әкімдік мәліметінше, нысанды ұзақ жыл бойы пайдаланған жалға алушы саябақты күтіп-ұстау мен дамыту жөніндегі міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған, инфрақұрылымына инвестиция салмаған. Соның салдарынан саябақтың жағдайы едәуір нашарлаған.
Бұған дейін хабарлағанмыздай, Алматыда жаяу жүргіншілерге арналған тас төсемді қопарып тастаған. Қала тұрғындарының сөзінше, тас төсемдер жаңа болған.