Әлеуметтік желілерде тәрбиешінің кішкентай баланы азаптаған видеосы тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
4 жасар бала ата-анасына балабақшада ұрып-соғатынын айтып шағымданған. Содан кейін ата-ана бақылау камерасының бейнежазбасын қарауды ұйғарып, мұғалімнің жылап жатқан сәбидің тыныс алу жолын ұзақ уақыт жауып, аяғынан сүйреген сәтін видеоға түсіріп алған.
Кейіннен баланың ата-анасы Бостандық аудандық полиция қызыметіне жүгінген.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Бостандық аудандық Полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.