Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысының үкімі шықты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Судья ҚР ҚК 293-бабының, 1-бөлігі, 351-бабының 3-бөлігі бойынша Дархан Ахметжановқа қатысты үкім шығарды.
Дархан Ахметжанов ҚР ҚК 293-бабының, 1-бөлігімен, 351-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған, ҚР ҚК 293-бабының, 1-бөлігімен 1 жылға бас бостандығынан айырылу, 351-бабының 3-бөлігімен 8 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын. ҚР ҚК 58 бабы 2-бөлігіне сәйкес жазаны не құрлым қатаң тағайындалу арқылы Ахметжанов Дарханға түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын. Жазаны өтеу қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздік барынша төмен мекемесінде тағайындалсын, - деді судья.
Судья сот үкімі бойынша Дархан Ахметжанов жәбірленушілерге өтемақы төлейтінін атап өтті.
Жәбірленуші Айнұр Құсайыноваға (ред. - қаза тапқан Айдос Құсайыновтың жесірі) 6 393 250 теңге материалдық өтемақы, бес миллион теңге моральдық өтемақы. Сондай-ақ адвокаттың қызметі үшін 250 мың теңге. Ал апаттан ата-анасынан айырылған Ерасыл Байдуалиевке 10 миллион теңге моральдық өтемақы берілсін. Адвокаттың қызметі үшін 200 мың теңге, – деп атап өтті сот.
Сондай-ақ автобус жүргізушісі - Шөкебаева жәбірленуші болып танылғаны белгілі болды.
Ахметжановқа ең қатаң жаза тағайындалды, себебі оның кінәсінен үш адам қаза тапты. Жәбірленушілер бар. Жүргізуші Ермек Шөкебаеваға қатысты оны жәбірленуші деп тану туралы шешім қабылданды. Моральдық зиян мен материалдық залалды тек Ахметжанов өтейді. Оған жәбірленуші тарапқа ақшаны өз еркімен төлеуге екі ай уақыт берілді. Егер ол орындалмаса, өндіріп алу мәжбүрлі түрде жүргізіледі, - деп түсіндірді судья.
Еске салсақ, 22 желтоқсан күні кешкісін 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізуші әйелді ұрып жіберген. Салдарынан ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған.
Тізгінсіз кеткен көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды.
Бүгінгі сот отырысы барысында жүргізушіні ұрып, есінен тандырған сотталушының анасы сөйледі.
Бұдан бөлек, сотталушы Ахметжановқа да сөз берілді. Дегенмен айыпталушы айыпталушы соңғы сөзінде ұзақ кідіріп, көз жасын ерік берді. Ол қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, өз отбасынан кешірім сұрады.