Алматыда ауа ластануы әлі де күрделі мәселе болып отыр. "ECO Almaty" ЖШС-ның BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабында 2023-2024 жылдары қаладағы ауа сапасы "өте жоғары" және "жоғары" деңгейде ластанғанын мәлімдеді.
2025 жылы жағдай біршама жақсарған
"ECO Almaty" мәліметінше, 2025 жылы орташа ластану деңгейінің төмендеуі байқалған. Атмосфералық ластану индексі 4,0-ге дейін төмендеген.
Ал 2026 жылдың наурызында ауа сапасы 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда "өте жоғары" деңгейден "жоғары" деңгейге түскен. Соған қарамастан, PM2.5 пен PM10 бөлшектері негізгі ластаушы заттар болып қалып отыр.
Алматы ауасын ең көп ластайтын не?
Ресми жауапта 2023 жылы Алматы әкімдігінің тапсырысымен атмосфераға таралатын зиянды заттардың шекті көлеміне қатысты арнайы құжат әзірленгені айтылған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, қаладағы ауа ластануының басты көзі - автокөліктер. Олардың үлесі 60%.
Ал өнеркәсіптік кәсіпорындардың үлесі 21% болған. Оның ішінде жылу электр орталықтары негізгі ластаушы нысандардың қатарына кіреді.
ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 газға көшірілмек
Компания мәліметінше, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жылыту маусымында атмосфераға көп мөлшерде зиян зат шығарады. Қазір бұл кәсіпорындарды газға көшіру бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар зиянды шығарындылар көлемін 90%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Алматыда ауа сапасы LED-экрандарда көрсетіледі
Сондай-ақ 2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы мәслихаты атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекіткен. Құжатта автокөлік, өндіріс орындары және қатты әрі сұйық отын жағудан шығатын зиянды заттарға бақылауды күшейту қарастырылған.
Қала тұрғындарын ауа сапасы туралы хабардар ету үшін қазір Алматыдағы LED-экрандарда экологиялық ахуал нақты уақыт режимінде көрсетіліп жатыр.
Еске салайық, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында қаладағы ауа сапасына қатысты маңызды сұрақтарға жауап берген болатын.