Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавируспен күресуге жұмылдырылған денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жалақыларына үстемеақы төлеу осы айдың басында басталған болатын. Осы мақсаттарға 1 млрд 134 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Барлық төлемді 3 711 адам алады. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта төлем бұған дейін бекітілген үш санаттағы адамдарға жүргізіліп жатыр:
1 тәуекел тобына – 555 қызметкер, төлем сомасы – 375,1 млн теңге;
2 тәуекел тобына – 2 283 қызметкерге, төлем сомасы – 569,9 млн теңге;
3 тәуекел тобына – 874 қызметкерге, төлем сомасы – 118,3 млн теңге.
Төлемдер Салық кодексіне сәйкес барлық салықтарды ескере отырып, айлықтық жұмыс балансынан аспайтын нақты жұмыс істеген уақыты үшін жүргізіледі. Бүгінгі күні медицина қызметкерлеріне 1063,3 млн теңгеге төлем жүргізілді, бұл 96%-ды құрайды. Төлемдер жүргізу жалғасуда. Осы күннің соңына дейін медициналық жедел жәрдем қызметі бойынша қалған барлық сома екі карантиндік ұйымға төленеді, - дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, ол Алматыда барлық медициналық ұйым дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен толық көлемде жабдықталғанын атап өтті.
Қала бойынша медицина қызметкерлерін вирус жұқтырудан қорғау үшін 3 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары бар. Сонымен қатар, барлық медициналық ұйым дезинфекциялау құралдарымен және теріге арналған антисептиктермен қамтамасыз етілген. Оған республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қаржы бөлінді, - деді ол.
Коронавируспен күресте Үкімет резервінің бірінші траншынан Алматыға 73 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Оларға медицина қызметкерлері үшін жеке қорғаныс құралдары және коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрілік заттар сатып алынған. Алматы қаласы әкімдігінің резерві есебінен обаға қарсы костюмдер мен респираторларға қосымша жергілікті бюджет қаражатынан 94,5 миллион теңге бөлініпті. Оған да дезинфекциялық құралдар сатып алынды.
Бұған дейін, Алматыда коронавирус жұқтырған соңғы 27 адамның бәрі – медицина қызметкері екені анықталды.Үкімет резервінің төртінші траншынан 1,3 миллиард теңге бөлінді. Онда, сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін жеке қорғану құралдарын, дезинфектанттарды, антисептиктер мен коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жеткізуге шарттар бекітілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен қосымша 460 млн теңге медицина қызметкерлерінің тұруына және тамақтануына және 20 млн теңге тепловизор сатып алуға бөлінді, - дейді Әбілдаев.