Қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық деңгейі бірнеше есе өсті, елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық адам қайтыс болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматыда бұл көрсеткіш жыл басынан бері 8000-нан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,4% - ға жоғары. Мұндай статистиканы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қалалық кардиологиялық орталығы директорының медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары Әлия Әбенова келтірді.
Жүрек және қан тамырлары аурулары Қазақстан халқының, оның ішінде Алматы қаласында да өлім-жітім себептері бойынша басым болып тұр. Мәселен, 2023 жылдың 6 айында Алматыда қан айналымы жүйесі аурулары бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші 8443,9 құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4% - ға жоғары. Бұл динамика пациенттердегі жүрек-қан тамырлары патологиясының медициналық профилактикалық тексерулер кезінде немесе медициналық мекемелерге жүгінген кезде жиі анықталатындығына байланысты. Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ересек тұрғындардың белгілі бір топтарының скринингі аясында алғаш рет жүрек-қан тамырлары ауруларының 6114 жағдайы анықталды, - деді Әбенова.
Ол елімізде «2022-2023 жылдарға арналған ҚР – дағы қан айналымы жүйесінің аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы» және «2023 жылға арналған атеросклероз және липидтер алмасуының бұзылуы кезінде медициналық көмек көрсету жөніндегі жол картасы» жұмыс істейтінін еске салды. Олар жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторлары, «қан тамырлары» ауруларының алғашқы белгілері (инфаркт пен инсульт), скринингтік бағдарламалар туралы халықты ақпараттандыру бойынша түрлі іс-шаралардан тұрады.
Ерлер мен әйелдерді тексерудің қан айналымы жүйесінің ауруларын анықтауға арналған cкрининг 40-70 жас аралығындағы емханада тіркелген жері бойынша жүргізіледі. 6 айдың қорытындысы бойынша Алматыда мақсатты топтың 68% - ы скринингпен қамтылған.
Соңғы уақытта біз жүрек-қан тамырлары ауруларының жастар арасында да көбейіп келе жатқанын байқадық. Басқаша айтқанда, ауру жасарып келеді. Қазір 35 пен 50 жас аралығындағы адамдардың оннан бірінде дәрігерлер жүрек ауруын табады. Олардың дамуына адамдар жас кезінен қалмайтын жаман әдеттер себеп болады, олар: темекі шегу, алкогольді ішу, шамадан тыс тамақтану, - деп бөлісті сарапшы.
Бұл ретте алматылықтар арасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан ең көп таралғаны - артериялық гипертония. Онымен барлық жүрек-қан тамырлары ауруларының шамамен 50%-ы байланысты.
Артериялық гипертонияны жеке ауру ретінде де, жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі және инсульттің дамуына әкелетін жеке қауіп факторы ретінде де қарастыруға болады. Өкінішке қарай, бізде тұрғындардың жартысы қан қысымының жоғары болуына назар аудармайды. Бір қынжылтатыны, бұл санның көпшілігі емделмейді. Бұл жерде айта кететіні, қысымның жоғарылауы жүректің қарқынды жұмыс істеуіне әкеледі, оған үзіліс бермейді, осылайша тамырлардың жұмысы нашарлайды. Тамырлардың аневризмалары пайда болады, олардың қабырғалары созылып, жұқарып, жарылуы мүмкін. Сондықтан артериялық гипертензия көбінесе миокард инфарктісі мен инсультке әкеп соқтырады, - деп атап өтті спикер.
Сарапшы қысымы жоғары адамдарға дұрыс және тиімді емделуді тағайындайтын дәрігерге баруды ұсынады. Сондай-ақ, ол әрбір емханада жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу бойынша сабақтар өткізілетін «Денсаулық мектептері» жұмыс істейтінін еске салды.
Науқастың кеудесі кенеттен ауырып, ауруы қарқынды, белсенді болатын жағдайлар жиі кездеседі. Ол ауырсынуды басатын дәрі немесе нитроглицерин таблеткасын қабылдайды. Ауырсыну сезімі басылады, бірақ ол сонда да «жедел жәрдем» шақырмайды. Бір-екі күн жүреді, ал үшінші жағдай күрт нашарлаған кезде ол емдеу мекемесіне аяқасты түседі, ол кезде оған көмектесу қиын болады, - деп атап өтті дәрігер.
Айта кету керек, қалада жедел коронарлық синдромы бар науқастарды қабылдайтын 6 шұғыл катетеризация зертханасы ашылды. Қалалық кардиология орталығына күн сайын миокард инфарктісімен ауыратын 15-ке жуық науқас түседі.
Жыл басынан бері 7000-ға жуық науқас емделді. 191 жоғары технологиялық операция, жүрекке 373 ашық операция, 1322 стенттеу, 401 аритмологиялық операция жасалды. Жетекші кардиохирургтар мен аритмологтарды тарта отырып, 5 шеберлік сағаттары өткізілді. Өткен аптада ғана екі шеберлік сағаты өткізілді, оның аясында бір апта ішінде 35 ауыр науқасқа ота жасалды, - деп бөлісті А.Әбенова.
Қорытындылай келе, сарапшы тұрғындарға салауатты өмір салты жүрек ауруының алдын алудың негізі екенін еске салды. Жүрек ауруының алдын алу үшін келесі кеңестер ұсынылады:
1. Тамақтануды қадағалау
2. Үнемі спортпен шұғылдану
3. Ұйқыны қандыру
4. Жаман әдеттерден бас тарту
5. Стресстен аулақ болу.