Алматыда ЖРВИ-мен ауырған 64 мың адам анықталды

5 Қараша 2024, 14:30
616
Бөлісу:
Алматыда ЖРВИ-мен ауырған 64 мың адам анықталды

Тәуекел тобындағы адамдарды вакцинациялау үшін 200 000 доза мөлшерінде ресейлік «Гриппол плюс» үш валентті тұмауға қарсы вакцинасы сатып алынған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтты.

Жаңа эпидемиологиялық маусымның 40-шы аптасынан 43-ші аптасына дейінгі аралықта ЖРВИ-дің 64 145 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,6%-ға аз. Қалалық зертханалық мониторинг барысында тұмау вирусы анықталмағанымен, риновирус, парагрипп, аденовирус және маусымдық коронавирус сияқты басқа ЖРВИ вирустары тіркелді, - деді Қасымхан Алпысбайұлы.

Маманның айтуынша, медициналық ұйымдарда ЖРВИ және тұмау жағдайларына жедел қызмет көрсету үшін 121 байланыс телефоны және 102 автокөлік бөлінген.

ЖРВИ және тұмауға шалдыққан науқастарды жатқызу үшін 453 төсек дайындалып, қосымша 90 төсек орын әзірленді. Тұмауға қарсы препараттардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілген, сондай-ақ маскалар мен дезинфекциялық құралдар бар. 2024 жылы жергілікті бюджет қаражатына «тәуекел тобындағы» адамдарды вакцинациялау үшін 200 000 доза мөлшерінде ресейлік «Гриппол плюс» үш валентті тұмауға қарсы вакцинасы сатып алынған. Қалада 19 қыркүйекте бұл санатқа вакцина егу басталған. 2024 жылғы 01 қарашадағы жағдай бойынша Алматы қаласында тұмауға қарсы 201 946 адам егілді, бұл қаланың жалпы халқының 8,8%-ын құрайды, оның ішінде 200 000 «тәуекел тобындағы» адам,- деді Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Өзгелердің жаңалығы