Алматыда қоғамдық көлік қатысқан тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
11 желтоқсан, бейсенбі күні қаладағы аялдамалардың бірінде №65 автобус пен №25 троллейбус соқтығысты. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар Instagram желісіндегі Krisp Almaty парақшасында жарияланып, желі қолданушылары арасында тез талқыланды.
Алдын ала мәлімет бойынша, автобус аялдамада жолаушыларды отырғызып-түсірумен айналысып тұрған троллейбусқа соғылған. Болжамға сәйкес, автобус жүргізушісі тежегішті дер кезінде басып үлгермеген. Видеода соқтығыстың салдары анық көрінеді: автобустың әйнегі сынған, есік бөлігі қатты зақымданған, ал троллейбустың артқы әйнегі қираған.
Алматы полициясы оқиғаның сағат 11:50-де, Медеу ауданында болғанын нақтылады. №65 автобус Достық даңғылы бойымен оңтүстік бағытқа қозғалып келе жатып, аялдамадағы троллейбусқа соғылған.
Апат салдарынан автобустың 1966 жылы туған әйел жолаушысы зардап шекті. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр: жүргізушілер мен куәгерлерден түсініктеме алынып, бақылау камераларының жазбалары тексерілуде.
Полиция департаментінің мәліметінше, барлық тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана оқиға бойынша нақты қорытынды жасалады.