Алматыда жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру мен зираттарды күтіп ұстаудың жаңа қағидалары бекітілмек. Құжатта жерлеуге арналған орындарды бөлу, кремациядан кейінгі рәсімдер, колумбарийлерді пайдалану және бос орындар туралы ақпаратты жариялау тәртібі нақтыланған.
Әр марқұмға кемінде 6 шаршы метр жер тегін беріледі
Жаңа қағидаға сәйкес, Алматыда қайтыс болған әр тұрғынға немесе тұрақты мекенжайы жоқ адамға жерлеу үшін кемінде 6 шаршы метр жер телімі тегін бөлінеді. Жер телімдері қалалық зираттар аумағынан қарастырылады.
Сонымен қатар зираттардағы жер учаскелерін есепке алу мен тіркеу жүйесі күшейтіледі.
Бос орындар туралы ақпарат интернетте жарияланады
Құжаттағы маңызды жаңалықтардың бірі – зираттар мен колумбарийлердегі бос және толған орындар туралы ақпараттың ашық жариялануы.
Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым саласына жауапты басқармасы бос және пайдаланылған жер учаскелері, сондай-ақ колумбарий ұяшықтары туралы өзекті мәліметтерді жергілікті атқарушы органның ресми сайтында және жария кадастрлық картада орналастыруға міндеттеледі.
Бұл тұрғындарға алдын ала қажетті ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді.
Кремациядан кейін күлді қайда жерлеуге болады?
Жаңа ережелерде кремациядан кейінгі рәсімдерге де ерекше назар аударылған.
Марқұмның күлі арнайы урнаға салынып, колумбарийге немесе зираттағы қабірге жерленуі мүмкін. Колумбарийлер ашық және жабық болып бөлінеді.
Ашық колумбарийлер зират аумағында орналасса, жабық түрлері арнайы ғимараттардың ішінде болады. Урнада міндетті түрде марқұмның аты-жөні мен кремацияның тіркеу нөмірі көрсетілуі тиіс.
Марқұмды туысының жанына жерлеуге рұқсат беріледі
Қағида бойынша жақын туыстарының жазбаша өтініші негізінде қайтыс болған адамды бұрын жерленген жұбайының немесе жақын туысының қасына жерлеуге мүмкіндік беріледі.
Алайда бұл үшін зиратта бос орын немесе колумбарийде бос ұяшық болуы қажет. Сондай-ақ туыстық қатынасты растайтын құжаттар ұсынылады.
Қайта жерлеуге қатаң шектеу қойылады
Құжатта қайта жерлеу мәселесі де нақты жазылған.
Жалпы алғанда, қолданыстағы және жабылған зираттарда мәйітті қайта жерлеуге тыйым салынады. Тек зираттың жабылуы, басқа өңірге немесе шетелге көшіру қажеттілігі туындаған жағдайда ғана рұқсат беріледі.
Сонымен қатар аса қауіпті инфекциялық аурулардан қайтыс болған адамдардың сүйегін қайта жерлеуге санитарлық талаптар қойылады.
Зират аумағында қандай нысандар орнатуға болады?
Жаңа қағида бойынша қабір басына ескерткіштер, мемориалдық тақталар, гүлзарлар мен орындықтар орнатуға рұқсат етіледі.
Алайда үстелдер, орындықтар немесе басқа да құрылыстарды жерлеуге бөлінген аумақтан тыс жерге орналастыруға болмайды. Қабірді күтіп ұстау міндеті марқұмның туыстары мен жұбайына жүктеледі.
Крематорий қызметкерлеріне арнайы талап қойылады
Құжатта крематорий қызметкерлеріне қойылатын санитарлық талаптар да қамтылған.
Атап айтқанда, олар сіреспе мен күйдіргіге қарсы вакцина алуы тиіс. Сондай-ақ арнайы қорғаныс киімімен, резеңке қолғаппен, респиратормен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етіледі.
Зират әкімшілігіне жаңа міндеттер жүктеледі
Қағидаға сәйкес, зират әкімшілігі тұрғындарға жерлеу рәсімдерінің тәртібі туралы толық ақпарат беруге, қабірлерді уақытылы дайындауға, аумақты таза ұстауға және инженерлік инфрақұрылымның жұмысын қамтамасыз етуге міндетті болады.
Сондай-ақ азаматтарға қабірді күтіп ұстауға арналған құралдарды жалға беру және жерлеу қызметтерін көрсететін компанияларға тең қолжетімділік ұсыну қарастырылған.
Еске салайық, 30 сәуірде Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий ресми түрде ашылған болатын.