Алматыда жер сілкінісіне төтеп бере алмайтын 5 мыңнан астам нысан бар

Бұған дейін де 3 мыңнан астам нысан қауіпті деп танылған.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:30
Бүгiн 2026, 17:30
104
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматыда жүргізілген сейсмологиялық зерттеу нәтижесінде мыңдаған ғимараттың жер сілкінісіне төтеп бере алмайтыны анықталды. Қала әкімдігіне қарасты Сәулет және қала құрылысы басқармасының BAQ.KZ редакциясына берген ресми жауабына сәйкес, 2017-2024 жылдары жүргізілген екі кезеңдік паспорттау барысында жалпы 5 663 нысан сейсмотұрақсыз деп танылған.

Басқарманың мәліметінше, зерттеу Президенттің тапсырмасы мен елдің сейсмикалық қауіпсіздігін күшейту жөніндегі жол картасы аясында жүргізілген. Осы мақсатта Алматыдағы ғимараттарды тексеру үшін "ҚазҚСҒЗИ" акционерлік қоғамымен арнайы келісім жасалған.

Соңғы екі жылда тағы мыңдаған қауіпті нысан анықталған

Ресми жауапта 2023-2024 жылдары Алматыда 10 916 нысан зерттелгені айтылған. Оның ішінде 2 562 нысан сейсмотұрақсыз деп танылған.

Әкімдік жауабына сүйенсек, қауіпті деп танылғандардың қатарында:

  • 408 көппәтерлі тұрғын үй;

  • 2 154 қоғамдық және азаматтық ғимарат бар.

Сондай-ақ тектоникалық жарықтар аймағында орналасқан 920 нысан анықталған. Оның 215-і тұрғын үй болса, 705-і қоғамдық ғимараттар.

Бұған дейін де 3 мыңнан астам нысан қауіпті деп танылған

Құжатта 2017-2018 жылдары жүргізілген алғашқы кезеңнің нәтижелері де келтірілген. Ол кезде 10 525 нысан тексеріліп, 3 101 ғимарат сейсмотұрақсыз деп танылған.

Олардың ішінде:

  • 2 538 көппәтерлі тұрғын үй;

  • 743 қоғамдық-азаматтық ғимарат болған.

Осылайша, екі кезеңнің қорытындысы бойынша Алматыда жер сілкінісіне төтеп беруі күмән тудыратын 5 663 нысан анықталып отыр.

Әкімдік мәліметінше, паспорттау нәтижелерінен кейін 2017-2024 жылдары аралығында 82 нысанға ғана сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілген.

Олардың ішінде:

  • 64 білім беру нысаны;

  • 16 денсаулық сақтау нысаны;

  • 2 әкімшілік ғимарат бар.

Басқарма "паспорттау жұмыстары толық аяқталғанын" және барлық қорытынды материалдар тиісті органдарға тапсырылғанын хабарлады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда ондаған жерүсті өткелінің лифті істемей тұр. Аудан әкімдіктері жолаушыларға арналған жерүсті көпіріндегі лифтілерді күтіп-баптауға қанша жұмсалғанын жасырып қалды.

Тағы оқи отырыңыз: "Видео түсіріп тұрады": Мамандар жер сілкінісі кезіндегі адамдардың ең қауіпті әрекеттерін атады 

Наверх