Алматыда 22 желтоқсанда түнде жер сілкінісі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық ядролық орталығының Геофизикалық зерттеулер институты мәлім еткендей, 22 желтоқсан күні Астана уақытымен 02:16-да Қытай аумағында жер сілкінісі тіркелген. Жерасты дүмпулерінің магнитудасы 5,0 балды құрады.
Сейсмологтардың мәліметінше, Алматыда жер сілкінісі 2 балл шамасында сезілген.
Ал ТЖМ-нің «Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының» мамандары жер сілкінісінің ошағы Қытай аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 256 шақырым жерде орналасқанын хабарлады. Сонымен қатар, Алматы қаласында жерасты дүмпулері сезілмегенін атап өтті.
Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Сейсмология институтының дерегіне сәйкес, жер сілкінісінің ошағы Қытай аумағында (Как-Шаал-Тоо жотасы), Бедель ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 33 шақырым жерде орналасқан. Бұл аумақта жер сілкінісінің қарқындылығы 3,5 балды құраған.