Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи құжаттар көрмесі өтті

7 Сәуір 2025, 17:50
1037
Бөлісу:
Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи құжаттар көрмесі өтті
PHOTO
Фото: автордан

Алматы қаласында Жеңістің 80 жылдығына орай “Алматы қаласының Мемлекеттік архив құжаттарындағы сұрапыл соғыстың жаңғырығы” атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.


Көрме барысында қазақстандықтардың екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан үлесі, Отанды қорғаудағы ерлігі мен соғыстан кейінгі ел дамуына сіңірген еңбегі жайлы мұрағаттық құжаттар жұртшылық назарына ұсынылды.

Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи құжаттар көрмесі өтті

Атап айтқанда, көрмеге 100-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасының жауынгерлері туралы сирек кездесетін материалдар қойылды. Олардың қатарында – Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, белгілі кинорежиссер, актер және сценарист Мәжит Бегалиннің мұрағаттағы құжаттары мен фотосуреттері бар. 

Сондай-ақ, Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі “Отан соғысы” ордендерінің иегері, “Москваны қорғағаны үшін” және “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталған, 100-атқыштар бригадасының дабылшысы Кереев Бекбосынның құжаттары да көрмеден орын алды.

Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи құжаттар көрмесі өтті

Экспозицияда жауынгерлердің өмірбаяндары, фотосуреттері, алғыс хаттар, жеке заттар және майдан даласынан келген хаттар көрсетілді. Бұл құжаттар мен жәдігерлер – сол бір отты жылдардың куәсі, ерлік пен қайсарлықтың нақты дәлелі.

Көрменің басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің ерлігін дәріптеу, олардың ұрпақ алдындағы еңбегін ұлықтау және болашақ ұрпаққа тарихи мұра ретінде жеткізу.

Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи құжаттар көрмесі өтті

Іс-шара аясында Алматы қаласының Мемлекеттік архиві мен тарихшы-зерттеушілер көрменің тәрбиелік, танымдық маңызын атап өтіп, жастарды елжандылыққа, тарихты құрметтеуге шақырды.

Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи құжаттар көрмесі өтті
Өзгелердің жаңалығы