Алматыда прокурорлық қадағалау актісімен жеке сот орындаушысы мемлекеттік лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атқарушылық заңнаманы қадағалау шеңберінде Алматы қаласының прокуратурасы жеке сот орындаушысы тарапынан әлеуметтік маңызды санаттағы істердің өндіріп алу бағыты бойынша бірқатар бұзушылықтарды анықтады.
Атап айтқанда, алимент өндіріп алумен байланысты 6 атқарушылық іс жүргізу бойынша бұзушылықтар анықталды. Сот орындаушысы іс жүргізулерді бір өңірден екінші өңірге негізсіз жолдай отырып, жасанды жолмен созбалаңдыққа салған. Сондай-ақ тыйым салуларды заңсыз алып тастау, берешектерді өндіріп алу бойынша шараларды уақтылы қабылдамау және уәкілетті органдардың талаптарын елемеу жағдайлары анықталды, - деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Алатау ауданы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша Алматы қалалық сотының қаулысымен жеке сот орындаушысы мемлекеттік лицензиясынан айырылды.
Қаулы заңды күшіне енді.