Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде қару таратқандар ұсталды

20 Қаңтар 2022, 12:48
1297
Бөлісу:
Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде қару таратқандар ұсталды
VIDEO

Алматы, BAQ.KZ. Алматы Полиция департаменті жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға қару таратқандар ұсталғанын хабарлады.

Ұсталған күдіктілердің барлығы  19-20 жас аралығындағы жігіттер.

Анықталғандай, жаппай тәртіпсіздік кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар қаладағы базарлардың бірінің аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта айыпталушылар қамауда отыр. Олардың жеке басын басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғына міндетті түрде тексеретін боламыз, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

Айта кетейік, бүлікшілерге қару таратып жатқан сәт қайғылы оқиғаның куәгерлерінің камерасына түсіп қалған. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жарияланды.

Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізді осылай жасауға мәжбүр еткен бір топ адам болды. Сосын біз ұрлаған қару-жарақтың жартысын өздеріне алып алды, автоматтарымен сілкіп тұрды. Мен ақ түсті Lexus көлігін жүргіздім, – деді бірінші күдікті.


Тағы бір күдікті белгісіз адамдардың противогаз киіп, автомат пен пышақпен қаруланғандарын жеткізді.

Олар бізге қаруды тез алып шығып, оны алып барып беруді бұйырды. Біз оны қорыққандықтан істедік, бұл адамдар бізге қысым көрсетті. Автомат асынған адамдардан қалай қорықпайсың?, – деп атап өтті екінші күдікті.

Үшінші күдікті  қаланы көлікпен аралап, қару-жарақ дүкеніне барғандарын, ол кезде дүкен тоналып жатқанын айтты.

Біздің көлікке қару тиеп, алаңға алып баруды бұйырды, – деді үішінші күдікті.

Полиция бұл топтың үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті. Еліміздің Қылмыстық кодексінің бірден бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы