Алматы қаласында Ақан Сері көшесі, 18-мекенжайда орналасқан көппәтерлі тұрғын үйге заңсыз салынған қосалқы нысан бұзылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жоспардан тыс жүргізілген тексеру барысында аталған нысанның тиісті рұқсат құжаттарынсыз салынғаны анықталды. Осыған байланысты нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, заң бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген.
2025 жылғы 9 қазанда Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот нысан иесін кінәлі деп танып, қосалқы құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы шешім шығарды.
Сот шешімін орындау аясында бірнеше күн бұрын нысанды бұзу жұмыстары басталды. Бұл туралы Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері мәлімдеді.