Алматыда вирустың таралуы 1,5 есеге өсті

2 Тамыз 2021, 15:57
8309
Бөлісу:
Алматыда вирустың таралуы 1,5 есеге өсті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Шілде айында қаламызда 25 544 адамға вирус жұққан, ал жыл басынан бері 83 310 адамнан коронавирус анықталды.

Бұл туралы Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова онлайн брифингте айтты.

Оның айтуынша, Алматыда эпидемиологиялық ахуал шиеленісіп барады. 25 шілдеден бері тәулігіне мыңнан астам коронавирусты жұқтыру жағдайы тіркеліп отыр.

1 тамыз күні 1500 адамнан вирус анықталды. Шілде айында 25 544 жағдай тіркелді, ал жыл басынан бері 83 310 адамнан коронавирус анықталған. Болжам бойынша шілде айында вирусты жұқтыру 27 мыңнан асады деп күтілген. Тамыз айында 34 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, тек қыркүйекте індеттің таралуы 4 мыңға дейін төмендейді деген болжам жасалды. Өткен аптада вирустың таралуы 1,5 есеге өсіп, 9 852 жағдай тіркелді, күнделікті өсім 1,7% құрады. Оған қоса симтомдық белгісі бар науқастар саны 90%-дан 92%-ға дейін өсті, - деді ол.
Сонымен қатар ол жастар арасында дерттің асқынғанын және аурудың ауыр түрі тіркеліп жатқанын жеткізді. 
Бұл вирустың жаңа, жұқпалы штамдарына байланысты. Инфекция тез таралады және жиі ауыр асқынуларға әкеледі. Оның таралуын тоқтатудың, тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы коронавирусқа қарсы вакцинация, - деді Қалықова.
Өзгелердің жаңалығы