Алматыда VII шақырылған қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті

15 Қаңтар 2021, 15:02
1807
Бөлісу:
Алматыда VII шақырылған қалалық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті

Алматы, BAQ.KZ. Сессияда мәслихат хатшысы және жаңадан құрылған тұрақты комиссиялардың төрағалары сайланды, сонымен қатар «Алматы-2025» даму бағдарламасы бекітілді.

Сессияны Алматы қаласындағы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова ашты. Оның айтуынша, сайлау қорытындылары бойынша мәслихаттағы орындар мынадай болып бөлінген: Nur Otan партиясы - (68,11%) 29 орын, «Ақ жол» партиясы - (10,11%) 4 орын, Қазақстанның Халық партиясы - (7,7) %) 3 орын, «Ауыл» партиясы - (7,68%) 3 орын. Ж. Асанова сайланған депутаттарды құттықтады және оларға VII шақырылған Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының куәліктері мен төсбелгілерін тапсырды. 

Қалалық мәслихаттың бірінші сессиясының төрағасы сайланғаннан соң күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде VII шақырылған Алматы мәслихатының хатшысы болып депутат Станислав Канкуров бірауыздан сайланды.

Екінші мәселені талқылау барысында тұрақты комиссиялар құрылды және олардың төрағалары мен мүшелері сайланды.

Мәслихат депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы-2050» Стратегиясында Алматының ғаламдық, өмір сүру мен жұмыс істеу үшін тартымды қалаға әрі Орталық Азияның зияткерлік және мәдени астанасына айналуы тиіс екені нақтылы көрсетілгенін атап өтті.

Стратегияға сәйкес «Шеті жоқ қала», «Ақылды» қала, «Тең мүмкіндіктер қаласы», «Қауіпсіз қала», «Жасыл қала», «Жаһандық іскерлік орталығы», «Мәдени креатвиті қала» тұжырымдамаларына баса назар аударылатын болады.

Стратегияны тиімді жүзеге асыру үшін келесі тұрақты комиссиялар мен олардың басшылары ұсынылды:

1. Стратегиялық жоспарлау, бюджет және тиімділік жөніндегі комиссия, басшысы – тәжірибелі қаржыгер, «Алматы» ӘКК »АҚ басқарма төрағасы Білісбеков Асқар Ерғалиұлы;

2. Көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссия, басшысы – тәжірибелі жол салушы және коммуналшы, «Жол-Транссервис 2006» бас директоры Талбидинов Есенгелді Закірханұлы;

3. Қала құрылысы, тұрғын үй және жерді пайдалану жөніндегі комиссия, басшысы – тәжірибелі құрылысшы, «DWS group» компаниясының директоры Финогенов Максим Владимирович;

4. Кәсіпкерлікті, инновацияны, ақпараттық технологияларды және креативті индустрияны дамыту жөніндегі комиссия, басшысы – танымал кәсіпкер, «Tanmedia Group» директорлар Кеңесінің төрағасы Байтасов Арманжан Мерекеұлы; 

5. Жергілікті мемлекеттік басқару және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссия, басшысы – тәжірибелі мемлекеттік қызметкер, Алматы қаласының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Шимашева Рахат Сейдахметқызы;

6. Әлеуметтік-мәдени даму, жастар және қоғамдық коммуникациялар жөніндегі комиссия, басшысы – танымал жас өнер қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жүдебаев Арман Әділханұлы.

Қаланың маңызды мәселелерінің бірі – экология  Сондықтан экология, туризм және қоғамдық кеңістікті дамыту бойынша жаңа комиссияны құрып, оның басшысы етіп азаматтық сектордың тәжірибелі өкілі Алтынай Орманқалиқызы Көбееваны тағайындау керек, - деп Б.Сағынтаев депутаттарға ұсыныс жасады.

Дауыс беру нәтижесінде тұрақты комиссиялардың жұмысын қайта форматтау және жаңа, жетіншісін құру туралы ұсынысты VII шақырылған Алматы мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдады.

Сессия барысында «Алматы-2025» даму бағдарламасы да қабылданды. Аяқталу кезінде қала мәслихаты екінші сессиясының төрағасы сайланды.

Өзгелердің жаңалығы