Көктөбе саябағының алаңында «Dombyra Party Көктөбеде» мерекелік шарасы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық домбыра күнінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі өз өнерлерін көрсетті.
Бұл мерекелік шарада халқымыздың бай музыкалық өнерімен жақын танысуға, домбыра аспабынан төгілетін ұлттық әуеннің шеберлікпен орындалуын тамашалауға бірегей мүмкіндік берді. Ұлттық домбыра күні жыл сайын елімізде шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтіліп, бұл шара елдің мәдени мұрасындағы маңыздылығы мен мәнін айшықтайды. Домбыра – қазақ музыкалық дәстүрінің символы, халықтың даналығы мен жан тебіренісін жеткізетін киелі аспап. Бүгінгі іс-шара Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің 90 жылдығы мен Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылды,- дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары Алтынбек Қоянбекұлы.
Концерт бағдарламасында құдіретті күй өнерінен күй шашу және қазіргі заман композиторларының шығармалары, сондай-ақ еліміздің ең үздік оркестрлерінің бірі орындайтын ұлттық әуендер шырқалды.
Бүгін халқымыздың күйлері, әндері шырқалды. Домбыраны 9 жасымнан бастап үйрендім. Кәсіби тұрғыда колледж, консерватория, магистратура бітірдім. Домбыра тартып жүргеніме 17 жылдай уақыт болды. Біздің үйде атам да, әкем де домбыра жақын болған. Сол себептен домбыраның күмбірін бала кезімнен естіп өстім. Домбыраның қоңыр үні басқа аспаптарға қарағанда өте ерекше, оны кәсіби тұрғыда үйрену қиын, ал аккорд жағынан оңайырақ. Қазақтың ұлттық аспабы домбыраның құдіреті жайлы айтылар сөз де тарихта жетерлік. Сол себептен ұлттық домбыра күні баршамызға құтты болсын! - дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің артисі Бақыт Бексұлтан.
Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі өзінің жоғары кәсіби музыкалық шеберлігімен және дәстүрлі музыка өнеріне деген ізгі құрметімен Ұлттық домбыра күнін еліміздің дәстүрлі музыка өнері мен мәдениетін ұмытылмас оқиғаға айналдырады.
Мәдени шарада еліміздегі домбыра жасау шебері Жолаушы Тұрдығұловтың домбырасы көрермендер арасында ойнатылды.