Алматыда ҰБТ тапсыру кезінде қанша рет ереже бұзылғаны айтылды

Алматыда ҰБТ тапсыру кезінде қанша рет ереже бұзылғаны айтылды
907

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева ӨКҚ алаңында өткен брифингте ҰБТ барысындағы ереже бұзушылықтар жайлы баяндады.

Оның айтуынша, республика бойынша ҰБТ тапсыру 16 мамырдан басталды және ол 5 маусымға дейін жалғасады.

Алматыда бір апта ішінде 1300 бала тест тапсырған. Тест тапсыру кезінде бірнеше ереже бұзушылық болды. Мәселен, ақпарат тасу бойынша – 1 дерек, телефон арқылы қашықтан жауап алудың 4 дерегі және басқалары, жалпы тоғыз ереже бұзу жағдайы анықталды,– деді ол.

Сонымен қатар ол ҰБТ кезінде ашықтық пен академиялық адалдықты сақтауға ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді. Биыл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ «1 компьютер – 2 камера - 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізіліп жатыр екен. Талапкердің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа тұлғаны анықтауға және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін қосымша фронтальды веб-камера орнатылған.

Бірінші мүмкіндікте ереже бұзылған жағдайда, тест нәтижелері жойылады және талапкерге екінші мүмкіндік берілмейді. Ал біріншісінен сәтті өтіп, екінші мүмкіндікте белгілі бір ережелерді бұзса, екеуінің де нәтижесі жойылады және конкурсқа қатыса алмайды. Сондықтан әрбір талапкерді академиялық адалдықты сақтауға шақырамыз, – деді  Гүлнар Ермекбаева.

Әрбір ата-ана ҰБТ-ның өту барысын көре алады. Барлық бейнежазба тестілеуден кейін тексерістен өтеді. Тестілеуге қатысушы тәртіп бұзған жағдайда нәтижесі жойылады, грант иегері болып жатса да, грантынан айырылады.
 

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы