Алматыда туристік автобустарға арналған тұрақтар пайда болды

9 Қараша 2020, 14:51
1619
Бөлісу:
Алматыда туристік автобустарға арналған тұрақтар пайда болды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімдігінің ұйымдастыруымен қалада туристік автобустарға арналған тұрақтар пайда болды.

Қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту бойынша жасалып жатқан кешенді жұмыстардың шеңберінде Алматы қаласының әкімдігі туристік автобустарға арналған тұрақтар ұйымдастырды. Мұндай инфрақұрылымның қажеттілігі туралы мәселені қала туроператорлары көптен бері көтеріп келген.

Тұрақтар қала  тұрғындары мен қонақтары үшін ең тартымды деген орындарда ашылған. Соның ішінде Республика алаңындағы тұрақ (Сәтпаев көшесіндегі тұрақ). Бұл жерде еңселі еліміздің еркіндігінің нышаны болған «Тәуелсіздік монументі» орналасқан. Сондай-ақ, қаламыздың саяси орталықтары - Алматы қаласының әкімдігі, Президент резиденциялары да осында.

Сондай-ақ, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі жанында да осындай тұрақ пайда болды (Зенков көшесіндегі тұрақ). Бұл нүктеде туристер 28 гвардияшы-панфиловшы атындағы саябақта серуендеп, Вознесенск кафедралы шіркеуі, Даңқ мемориалымен таныса алады. Одан кейінгі тұрақ - М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында (Абай даңғылындағы аялдама). Бұл жерде туристер «Жас Отау» неке сарайы және Қазақ мемлекеттік циркі ғимараттарымен таныса алады, - делінген хабараламада. 

ПРО.jpeg

Осындай тұрақтың бірі ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябағында да пайда болған (Дулати көшесіндегі тұрақ). Дендросаябақта алғашқы ағаштардың бірін Елбасы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2001 жылы өзі отырғызған.

Әкімдік қаланы туристер үшін ең тартымды әрі қолайлы ету мақсатындағы жұмыстар жалғасатын хабарлады.


 

Өзгелердің жаңалығы