Алматыда туберкулезбен сырқаттану 34%-ға төмендеді

22 Ақпан 2022, 14:19
1321
Бөлісу:
Алматыда туберкулезбен сырқаттану 34%-ға төмендеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Соңғы бес жылда мегаполисте туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 34%-дан астамға төмендеді. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының фтизиопульмонология орталығының директоры Жанар Сәпиева айтты.

Оның айтуынша, қалада сырқаттанушылықтың төмендеу динамикасы байқалады, ал негізгі көрсеткіштер орташа республикалық көрсеткіштерден төмен. Егер 2017 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда аурудың 35-тен сәл артық жағдайы тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 23-ке жеткен. Сонымен қатар, соңғы 5 жылда өлім көрсеткіші 63,8%-ға төмендеді.

Фтизиопульмонология орталығында талдау жүргізілді, ол аурудың төмендеуінің негізгі себебі пандемиямен байланысты шектеулер кезеңінде қаланың іргелес аймақтарынан келген ішкі мигранттар арасында туберкулез жағдайларын анықтаудың күрт төмендеуі екенін көрсетті. Мәселен, егер 2019 жылы ішкі мигранттар арасында анықталған туберкулез оқиғаларының саны 168 адамды құраса, 2020 жылы – 58 жағдай, 2,5 есе азайды,-деді Сәпиева.

Сонымен қатар ол қалада жыл сайын амбулаториялық емдеумен қамту ұлғайып келе жатқанын айтты.

Күн сайын 8 мобильді топ мүмкіндігі шектеулі, егде жастағы және жас балалары бар әйелдер арасында үйде бақыланатын ем жүргізу үшін жеке автокөлікпен шығады, - деп хабарлады орталық директоры.

Ж. Сәпиева барлық науқастар емдеу курсы аяқталғанға дейін жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында 35 мың теңге көлемінде жәрдемақы алатынын айтты. Биыл әлеуметтік көмек көлемі 6,6%-ға өсті, қазіргі уақытта 830 пациент көмек алуда.

Алматы қаласында туберкулезбен күрес айлығы туралы айта келе, Жанар Сәпиева 40-тан астам медициналық мекемеде ашық есік күндері ұйымдастырылатынын хабарлады.
 

Өзгелердің жаңалығы