Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда нөсер жауыннан көшелер мен ғимараттарды су басты. Автотұрақ пен үйлерді су басқаны бейнеленген видеолар әлеуметтік желіде тарады.
Бүгін сағат 14:40-тан бастап Алматы қаласында қатты жауын-шашын басталды, салдарынан қаладағы көптеген ғимараттарға су кірді, сондай-ақ көшедегі көлік өткелдері суға толып қалды. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан үйдің, ірі сауда орындарындағы автотұрақтың ішіне су кіргенін көруге болады. Сондай-ақ кейбір көшелерді де су басқан, ол жерде көлікпен жүру мүмкін емес.
Қала әкімдігі су басудың алдын алу және жою мақсатында мердігерлік ұйымдардың кезекшілігі ұйымдастырылғанын хабарлады.
Суды кедергісіз ағызу және сорып алуды қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жүргізу үшін жалпы саны 609 адам, 252 бірлік арнайы техника және 24 мотопомпа жұмылдырылды. Құм салынған 2050 қап дайындалды, – делінген хабарламада.
«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, бүгін түнде де қатты жаңбыр жауады, алдағы үш тәулік ішінде үзіліспен жауын-шашын болады деп күтілуде.