Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматының тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтау мақсатында құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдауда, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Қазір қаладағы жағдай билік бақылауына алынды деді ол. Тәртіп сақшылары түннен бері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Республика алаңына әскери техника мен патрульдік экипаждар қойылған.
Мен қазір Республика алаңында тұрмын, кешке түнде қала тұрғындары осы жерде митинг жасаған болатын. Бұл тұрғындардың жиналған бір нүктесі. Қазіргі уақытта бұл жердегі халық толығымен қайтарылған. Ал әзірге Республика алаңы жабық. Төмен жағы Абай даңғылы, Назарбаев, Сейфуллин, Тимирязев аралығы әзірге өзге көліктер кіргізілмейді. Қазір жағдай тұрақталып қалған. Митинг жасап, ереуілге шығып жүрген ешкім жоқ. Түндегі болған митинг бойынша полиция немесе жергілікті биліктен нақты ақпарат берілген жоқ. Қанша адамның жиналғаны, таңғы сағат қаншада осы аяқталғаны ол туралы нақты ақпарат жоқ, – дейді тілші Аршын Кемелжан.