Алматының Медеу ауданында Қазақстан Республикасының халық суретшісі Сабур Мәмбеев пен Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әбдімәлік Нысанбаевқа ескерткіш тақталар орнатылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Кеше Қазақстан Республикасының халық суретшісі, мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Әбдірәсілұлы Мәмбеев бейнеленген ескерткіш тақта Назарбаев және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйдің қасбетіне орнатылды.
Сабыр Әбдірәсілұлы Қазақстан бейнелеу өнеріне өте үлкен еңбегі сіңген азамат. Ол 20 жылдан астам Қазақстан Суретшілер одағын басқарды. Ол басшылықта болған кезеңде шеберханалар мен суретшілерге арналған үйлер салынды. Жалпы ол уақытты Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі алтын кезең деп айтсақ болады, – деді Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.
Бүгін Төлебаев пен Құрманғазы көшелерінің қиылысында орналасқан тұрғын үйдің қасбетінде Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаевтың мемориалдық тақтасы орнатылды.
Әбдімәлік Нысанбаев еліміздің ғылымын дамытуға зор үлес қосқан тұғырлы тұлға болатын. Ол еңбек жолын Ұлттық ғылым академиясының Философия институтында бастап, өмірінің соңына дейін Ғылым ордасында қызмет етті. Қатардағы ғылыми қызметкерден институт басшылығына дейін академиялық жолдан өтті. Бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнап, философия, саясаттану, мәдениеттану салаларын терең зерттеді. Әсіресе, қазақ философиясының қалыптасуына мол еңбек сіңірді, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.